Александр Рябушенко, Симоне Веласко және Микеле Гадзоли Astana Qazaqstan Team командасына ауысты
Жаңа маусымда Astana Qazaqstan Team сапына үш шабандоз келіп қосылады. Александр Рябушенко, Симоне Веласко және нео-кәсіпқой Микеле Гадзоли командамен 2022 және 2023 жылдарға екі жылдық келісімге қол қойды.
Беларуссиялық шабандоз Александр Рябушенко (26 жаста) 2018 жылы бірқатар айтулы жеңістерден кейін кәсіпқой деңгейге ауысты. Ол 2016 жылы 23 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатында топтық жарыста және 2017 жылы жастар арасында өткен «Ломбардия турында» жеңіске жетті. Осы төрт жыл ішінде Рябушенко Әлемдік Турда кәсіби шабандоз ретінде дамуын одан әрі жалғастырды, тәжірибе жинақтады және өзінің алғашқы жоғары нәтижелеріне қол жеткізді. 2018 жылы ол «Баск елдерінің» турында екінші орынға ие болды. 2019 жылы «Коппа Агостони» велододасында жеңімпаз атанды. «Лугано Гран-приінде» жүлделі болды және Еуропалық ойындарда топтық жарыста төртінші нәтиже көрсетті. 2020 жылы Александр «Марко Пантани мемориалында» және «Коппа Сабатиниде» үшінші орынға ие болды.
2021 жылғы маусымда «Альпі турында» құлау кезінде алған қолының жарақаты Александрға қатты әсер етті. Бірақ, соған қарамастан Рябушенко бірнеше жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ол «Италиялық велоспорт апталығының» кезеңінде екінші орын алды және «Кастилия мен Леон Вуэльтасы» біркүндігінде 11-нәтиже көрсетті.
«Бір командада төрт жыл өткізгеннен кейін, мансабымда бір нәрсені өзгертетін, кәсіпқой шабандоз ретінде дамуды жалғастыру үшін жаңа қадам жасайтын кез келгенін сеземін. «Астана» маған қатты ұнатайды. Командаға жас кезімнен бері жанкүйерлік етемін. Бұл – керемет команда. Көптеген чемпиондар «Астанамен» бірге керемет жеңістерге қол жеткізді. Команданың және оның тарихының бір бөлігі болу мен үшін мақтаныш. Жаңа маусымда кез келген жарыс күнтізбесіне және кез келген жарысқа дайынмын. Мен үшін ең бастысы – көшбасшылардың негізгі мақсаттарына жетуіне көмектесе отырып, командаға пайдалы болу. Әрине, мен кейбір жеке нәтижелер үшін, мысалы, маған өте ұнайтын біркүндік велододаларда сайысқа түсуге мүмкіндік алғым келеді. Бірақ, «Джиро» немесе «Турды» жүріп өтсем тамаша болар еді. Өйткені «Гранд Турлардан» 2020 жылы өткен тек «Вуэльтада» ғана тәжірибе жинақтадым. Әзірге мен Astana Qazaqstan Team құрамында маусымның басталуын асыға күтемін», – деді Александр Рябушенко.
Италиялық Симоне Веласко (25 жаста) біркүндік жарыстардың маманы және шағын топтан спринтке қатысудан мықты шабандоз. Жастар деңгейіндегі бірқатар маңызды жетістіктерден кейін, Веласко 2016 жылы континенталдық команданың құрамында кәсіпқой шабандоз атанды. Оның басты жетістіктерінің арасында «Трофео Лайгуэлья» (2019), «Халықаралық Коппи және Бартали апталығының» кезеңінде (2019), «Тур де Лимузан» веложарысының кезеңдерінің біріндегі (2021) жеңістер және «Тиррено-Адриатико» кезеңіндегі үшінші орын (2021) бар.
«Кәсіби спортшыға айналған әрбір шабандоз үшін ең үлкен арман –Әлемдік турдың командасында болу, велоспорттың ең жоғары деңгейіне жету. Мен үшін «Астана» – мен қабылдаған ең жақсы шешім, ең жақсы команда және мен мұның орындалғанына өте қуаныштымын. Командада атақты шабандоздарды кездестіріп, олармен бірге жұмыс істеу және оларға мақсаттарына жетуге көмектесу мен үшін үлкен мақтаныш. Алға қарай жаңа қадам жасай аламын деп үміттенемін. Сонымен қатар команда үшін жұмыс жасай отырып, өзімнің бар мүмкіндіктерімді көрсете аламын деп ойлаймын. Әрине, мен кез келген жарыста өзіме сәйкес келетін және команда маған көшбасшылық рөлді сеніп тапсыратын мүмкіндікке ие болғым келеді», – деді Симоне Веласко.
Микеле Гадзоли (22 жаста) Astana Qazaqstan Team құрамындағы алғашқы кәсіби маусымын бастауға дайындалуда. Биылғы жылы жас италиялық шабандоз 23 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында топтық жарыста 4-нәтиже көрсетіп, беделді «Либерационе Гран-приінде» жастар арасындағы бір күндік жарыстағы жеңісімен көптеген мамандарды тәнті етті.
«Astana Qazaqstan Team-ге ауысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені мен үшін бұл әлемдегі ең үздік командалардың бірі. Мысалы, Винченцо Нибали және Джанни Москон сияқты жұлдыздармен қатар өнер көрсететініме қуаныштымын. Әлемдік турдағы бірінші жыл өте қиын болатынын білемін. Мен көп нәрсені үйренемін, көп тәжірибе жинаймын. Бұл сынаққа дайынмын. Жаңа маусымдағы басты мақсатым – мүмкіндігінше көп нәрсені үйреніп, командаға бар күш-жігеріммен көмектесу. «Джиро д’Италияда» өнер көрсету арманым және ол бір күні орындалады деп үміттенемін. Бірақ дәл қазір мен командамен маусымның басталуын күтіп, 100% жұмыс істеуге дайындалып жатырмын», – деді Микеле Гадзоли.
«Astana Qazaqstan Team командасына келген жаңа шабандоздарға қош келдіңіздер деймін. Александр Рябушенко қазірдің өзінде танымал. Ол біркүндік жарыстарда бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Менің ойымша, біз оның осы бағытта дамуын жалғастыра аламыз. Әрине, Александр көпкүндік жарыстарда да көшбасшыларға жақсы көмекші бола алады. Симоне Веласко біздің командамен бірге Әлемдік турға қадам басуда. Веласконың мансабындағы бұл жаңа тарау оны одан да жақсы ынталандыруы керек. Соңғы бірнеше жылда біз оның қарқынды өскенін көрдік және Веласко біз қатысатын біркүндік жарыстардағы бағытымызды күшейте алатын сияқты. Микеле Гадзоли – жас шабандоз және біздің команда оның алғашқы кәсіби командасы болмақ. Біз бұл шабандоздың болашағынан зор үміт күттіретінін көріп отырмыз және менің ойымша, ол біздің командада өзінің барлық қасиеттерін жақсы дамыту үшін қажеттінің бәрін табады», – деді Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері Александр Винокуров.
Photo credit: @Gettysport