Алексей Луценко жекелей жарыста Қазақстан чемпионы атанды
Бүгін Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатының жекелей жарысында Astana Qazaqstan Team шабандозы Алексей Луценко жеңіске жетті. Луценко 30 шақырымдық қашықтықты 34 минут 34 секундта бағындырды.
«Талдықорғандағы тас жол оңайға соқпады. Мен мұнда соңғы рет 11 жыл бұрын болғанмын. Оған қоса бүгін ауа-райы қолайсыз болды. Мен сайысты бастағанда қатты жаңбыр жауды. Бұл жарысты айтарлықтай қиындатты. Соған қарамастан, ауа-райына да, тас жолға да төтеп бердім. Бәрі ойдағыдай өтті. Нәтижесінде жеңіске жеттім. Швейцария турынан кетуге мәжбүр болған сырқаттан кейін «Тур де Франс» қарсаңында денсаулығым мен бабымды тексеру үшін Қазақстан чемпионатына келдім. Әрине, Қазақстан чемпионатына қатысқаныма әрқашан қуаныштымын. Бұл өз алдына маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Тур де Франста ел чемпионының жейдесінде өнер көрсететінімді мақтан тұтамын. Бұл мен үшін «Үлкен күрмеу» басталар алдында қосымша мотивация», – деді Алексей Луценко.
Алексей Луценко үшін бұл жекелей уақытқа арналған жарыс бойынша ел чемпионының үшінші титулы. Ол бұған дейін 2015 және 2019 жылдары осы дисциплина бойынша «алтын» медаль жеңіп алған болатын.
Жекелей уақытқа арналған жарыс бойынша екінші орынды Astana Qazaqstan Team командасының тағы бір өкілі Дмитрий Груздев иеленді. Сонымен қатар үздік ондыққа Глеб Брусенский (4-орын), Игорь Чжан (6-орын) және Юрий Натаров (8-орын) кірді.
23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында өткен жекелей жарыста жеңісті жақында жастар арасындағы ең беделді Giro NextGen көпкүндігіне (жастар арасындағы Giro d’Italia) қатысқан Astana Qazaqstan Development Team өкілі Максим Тараскин жеңіп алды.
Андер санаты бойынша үшінші орынды Astana Qazaqstan Development Team командасының тағы бір шабандозы Николя Винокуров иеленді.