Испания Вуэльтасы. 6-кезең. Александр Власов Альто де Кульерада мәреге 4-болып келді
Astana – Premier Tech командасының капитаны Александр Власов «Испания Вуэльтасының» екі шақырымдық Альто де ла Монтанья де Кульера асуында мәресіне жеткен алтыншы кезеңін тамаша өткізді. Власов жалпы есептің фавориттерінен құралған үлкен топтың мүшесі болды. Аса тік орналасқан асудың соңғы шақырымында Александр алға қарай ұмтылды. Содан соң жойқын шабуыл жасады. Көш бастаған жалғыз шабандозды қуып жетуге және кезеңде жеңіске жетуге тырысты.
Дегенмен, Магнус Корт алдыңғы қатардағы орнын сақтап қалды. Шыдамдылық танытып, кезеңде жеңіске жетті. Ал Примож Роглич пен Андреа Баджоли мәре сызығы алдында Власовтан озып кетті. Осылайша, қазақстандық-канадалық команданың шабандозы мәреге төртінші болып келді. Бұл Власовқа испаниялық суперкөпкүндіктің бас классификациясында алтыншы орынға көтерілуге мүмкіндік берді.
«Бүгін өзімді жақсы сезіндім. Күн сайын бабым жақсарып келеді деп ойлаймын. Кезең өте қиын, жылдам және желді болды. Жел жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Бірақ, командаластарым пелотон ыдырағаннан кейін мені алға шығарып, соңғы асу жолын бастамас бұрын мені жақсы позицияға шығарды. Мен алға озып, мықты шабандоздардың соңынан ілесуге тырыстым. Соңғы шақырымдарда шабуыл жасауға тырыстым. Бұл жақсы талпыныс болды деп ойлаймын. Бірақ соңғы шабандозды қуып жете алмадым. Нәтижесінде кезеңді төртінші болып аяқтадым. Дегенмен, жарыс күнін осылай өткізгеніме және бабыма көңілім толады. Келесі кезеңдерде не болатынын көре жатармыз», – деді Александр Власов.
«Испания Вуэльтасының» алтыншы кезеңіндегі өте ыстық ауа райы және қатты жел эшелондардың пайда болуына әкеліп соқты. Сондай-ақ, жарыс барысында көптеген шабандоздар құлап, олардың арасында Astana – Premier Tech командасының шабандоздары Оскар Родригес пен Юрий Натаров та бар болатын. Кезең басындағы тартысты күрестен кейін бес шабандоз көшбасшы топ құрып, басымдыққа ие болды. Соңғы асудың баурайында, мәреге 2 шақырым қалғанда көшбасшы топ пелотоннан бір минуттан артық алда болды. Нәтижесінде тек дат шабандозы Магнус Корт өзінің көшбасшылық позициясын сақтап, кезеңде жеңіске жетті.
Astana – Premier Tech командасы күні бойы өте жақсы жұмыс жасады. Команда шабандоздары Александр Власов пен Алекс Аранбурудың позицияларын қорғап, соңғы тау алдында оларға күштерін сақтап қалуға көмектесті. Аранбуру үшін Альто де Кульера өте қиын сынақ болды. Бірақ Власов бабының біртіндеп жақсарып келе жатқан көрсетіп, бұл асуды керемет жүріп өтті.
«Бүгін команда Александр үшін керемет жұмыс жасады және соңғы асуда ол өзін жақсы көрсетті. Біз үшін кезең оңай болған жоқ. Бірнеше шабандоз кеше құлағаннан кейін әлі қайта қалпына келе қойған жоқ. Бүгін Оскар Родригес пен Юрий Натаров та құлады. Қуанышқа орай екі шабандоз да жарысты одан әрі жалғастырды. Қапталдан жел соққандықтан кезең барысында қиын сәттер болды. Бірақ команда тамаша жұмыс атқарып, Власовты алдыңғы қатарға шығарды. Кезеңдегі жеңіс үшін күрестік. Александр жеңіске біртабан жақын болды. Қалай болғанда да ол жарысты жақсы өткізді. 4-орын – жоғарғы нәтиже», – деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.
Испания Вуэльта, 6-кезең. Рекена – Альто де ла Монтанья де Кульера, 159.3 шақырым.
Кезеңнің үздік үштігі: 1. Магнус Корт (EF Education – Nippo); 2. Примож Роглич (Team Jumbo – Visma); 3. Андреа Баджоли (Deceuninck – Quick Step); 4. Александр Власов (Astana – Premier Tech)… 15. Алекс Аранбуру (Astana – Premier Tech).
Photo credit: @Chris Auld