Back To Top

Фабио Феллине, Давиде Мартинелли, Мануэле Боаро және Харольд Техада Astana Qazaqstan Team командасында қалады

Төрт шабандоз Astana Qazaqstan Team командасымен келісім-шарттарын жаңартты.Италиялық Фабио Феллине (31 жаста), Давиде Мартинелли (28 жаста), Мануэле Боаро (34жаста) және колумбиялық Харольд Техада (24 жаста) қазақстандық командамен екі жылдық жаңа келісімге қол қойды.

«Мен көшбасшыларды қолдау тұрғысынан да, жеке нәтижелерге қол жеткізу тұрғысынан да тәжірибелі шабандоз болу үшін алдағы екі жылда Astana Qazaqstan Team командасымен бірге дамығым келеді. Өткен жылы «Астанамен» «Марко Пантани мемориалында» жеңіске жетіп, осы маусымда бірнеше рет маңызды жетістіктерге қол жеткіздім. Сондықтан 2022 жылды да сол рухта жалғастырамын деп үміттенемін. Жаңа келісім-шарт пен командадағы жақсы өзгерістер мені бұрынғыдан да көп жұмыс істеуге ынталандырады және жаңа маусымдағы жарыстарда бар күшімді саламын», – деді «Словакия турында» 9-шы және 2021 жылы «Тиррено-Адриатикода» жалпы есепте 14-нәтиже көрсеткен Фабио Феллине.

 

«Командамен келісім-шартты ұзартқаныма өте қуаныштымын. «Астанадағы» алғашқы екі жыл жақсы өтті. Мұнда керемет атмосфераны сезіндім. Мен үшін көшбасшыларға жұмыс істеу, команданың алға қойған мақсаттарына жетуге көмектесу өте тамаша болды. Жаңа маусымда біздің команданы біраз өзгерістер күтіп тұр. Табысқа жете алатын тамаша команда құра алатынымызға сенімдімін. Сонымен қатар, біздің «классикалық» топтың күшейіп жатқанын көріп отырмын. Сондықтан біз классикалық жарыстарда бәсекеге қабілетті боламыз деп үміттенемін», – деді «Адриатика-Ионика» кезеңдерінің бірінде үшінші және «Серениссима Гравелде» төртінші болып маусымды аяқтаған Давиде Мартинелли.

 

«Команданың жаңа жылда күшейіп келе жатқанын көріп отырмын және Astana Qazaqstan Team командасында қалғаныма қуаныштымын. Осындай тамаша шабандоздар мен қызметкерлер тобымен бірге болғаныма қуаныштымын және көшбасшыларды қолдап, қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын. Командаға Винченцо Нибалидің келуін, Алексей Луценконың үздіксіз өсуін, басқа да мықты шабандоздардың келуін ескерсек, алдағы маусым «Астана» үшін табысты болады деп ойлаймын. Сондықтан ортақ мақсаттарды көздей отырып, барлығымен иық тіресе жарысу мен үшін мәртебе және қуаныш. Мен команданың толық иелігіндемін. Бірақ, әрине, егер жарыста команда жеке нәтиже үшін күресуді сұраса, мен оған әрдайым дайын боламын», – деді көшбасшы топтағы ең басты мамандарының бірі Мануэле Боаро.

 

«Өткен маусым әртүрлі себептермен, негізінен денсаулығыма байланысты мәселелермен және құлауыма байланысты мен қалағандай өтпеді. «Джиро д’Италия» жарысында сәтті дебют жасаймын деп үміттендім және өзім ұнататын «Джиро дел’Эмилия», «Ломбардия туры» жарыстарында жылдың үздік финалын өткізгім келді. Бірақ, жарыста сәтсіз құлауым маусымды мен қалағаннан ертерек аяқтауға мәжбүрледі. Дегенмен, жаңа келісім-шарт мені жігерлендіріп, шабыт береді. Мүмкіндік бергені үшін командаға алғыс айтамын. Жаңа маусымда 2020 жылғы деңгейге қайта ораламын деп үміттенемін және мықты болу үшін 200% жұмыс істеймін. Командамыздағы маңызды және жақсы өзгерістерді көріп отырмын. Бізге келетін жаңа шабандоздарды, сондай-ақ Мигель Анхель Лопестің командаға қайта оралғанына өте қуаныштымын. Мен жаңа маусымнан үлкен үміт күтемін және бірінші оқу-жаттығу жиынында командамен қайта кездесуді асыға күтемін», – деді «Джиро д’Италия 2021» веложарысының бас классификациясында 36-нәтиже көрсеткен Харольд Техада.

 

«Бүгін біз жариялайтын шабандоздар құрамын ескере отырып, алдағы маусымда үлкен жетістіктерге дайын, мықты және өршіл команда жинақтай алдық деп айта аламыз. Фабио Феллине – өте тәжірибелі шабандоз. Біз оған кез келген жарыста, команданың стратегиясын құруда және оның жеке көрсеткіштеріне сенім арта аламыз. Давиде Мартинелли жаңартылған «классикалық» топтың бір бөлігі болады. Біз одан және басқа жігіттерден солтүстік «классикалық» жарыстарда жақсы нәтиже күтеміз. Мануэле Боаро – команданың мықты әрі әмбебап шабандозы. Ол әрқашан көшбасшыны немесе көшбасшы топта команданың мүддесін қорғауға дайын. Харольд Техада әлі өте жас спортшы. Егер ол денсаулығына байланысты барлық мәселелерді артта қалдырса, Гранд-Турда біздің құраманың маңызды бөлігіне айналатынына сенімдімін», – деді Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері Александр Винокуров.

 Photo credit: @Gettysport