Back To Top

Александр Власов «Джиро д’Италия-2021» велододасында 4-орынға ие болды

Бүгін 104-ші мәрте ұйымдастырылған «Джиро д’Италия» велокөпкүндігі Миланда өткен 21-ші кезеңмен, 30.3 шақырымдық жекелей жарыспен мәресіне жетті.

Astana – Premier Tech командасының көшбасшысы Александр Власов жекелей жарысты жақсы жүріп өтіп, 19-нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіштің өзі оған италиялық Гранд-турдың бас классификациясында 4-орынды сақтап қалуға жеткілікті болды.

«Шынымды айтсам, «Джиро д’Италияда» көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Бұл менің арнайы дайындалып, 100% команда көшбасшысы ретінде жүріп өткен алғашқы Гранд-турым. Нәтижесінде мен жеңіс тұғырына біртабан жақын болдым және жарысты 4-болып аяқтадым. Иә, егер жеңіс тұғырына шықсам, бұл мен үшін тамаша жетістік болар еді. Дегенмен, мұнда қол жеткізген нәтиже маған болашаққа деген үлкен мотивация және қол жеткізген нәтижеме қанағаттануға мүмкіндік береді. Командамен бірге «Джирода» керемет үш жарыс аптасын өткіздік. Бізде көптеген тамаша сәттер болды. Осы жарыста алған тәжірибемнен кейін одан әрі алға ұмтылатын боламын», – деді Александр Власов.

«Мен біздің бүкіл команданы, шабандоздарды, қызметкерлерді, басшылықты «Джиро д’Италияда» көрсеткен нәтижелерімен құттықтағым келеді. Команда үш жарыс аптасын керемет өткізді. Біз ең жақсы нәтиже көрсету үшін 100% барымызды салдық. Әрдайым алдыңғы қатарда болып, жас шабандоздар құрамымен және жас көшбасшымен жалпы есеп үшін күрестік. Мұнда қол жеткізген төртінші орын – бұл жақсы көрсеткіш және болашаққа деген үміт сыйлайды», – деді «Astana – Premier Tech» командасының спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

Колумбиялық шабандоз Эган Берналь «Джиро-2021» велододасының жеңімпазы атанса,  Дамиано Карузо мен Саймон Йейтс жеңіс тұғырын толықтырды.

Италиялық Филиппо Ганна бүгінгі финалдық кезеңнің жеңімпазы атанды. Ал Маттео Собреро жекелей жарыстарда өзін керемет сезінетіндігін тағы бір дәлелдеп, Миланда өткен жекелей жарыста төртінші нәтиже көрсетті.

Джиро дИталия, 21-кезең. Сенаго – Милан, 30,3 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Филиппо Ганна (INEOS Grenadiers); 2. Реми Каванья (Deceuninck – Quick Step); 3. Эдоардо Аффини (Team Jumbo-Visma).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі: 4. Маттео Собреро; 19. Александр Власов; 30. Луис Леон Санчес.

Жалпы есептің үздік үштігі: Эган Берналь (INEOS Grenadiers); 2. Дамиано Карузо(Bahrain – Victorious); 3. Саймон Йейтс (Team BikeExchange).

AstanaPremier Tech Жалпы есептің үздік үштігі: 4. Александр Власов; 19. Горка Исагирре; 33. Луис Леон Санчес.

Photo credit: @Getty Images