Back To Top

Александр Власов пен Алексей Луценко – «Ломбардия турындағы» команда көшбасшылары

9 қазан, сенбі күні өтетін маусымының соңғы монументалды классикалық жарысы – «Ломбардия турында» Александр Власов пен Алексей Луценко Astana – Premier Tech командасының көшбасшылары болады.

Өткен жылы бұл жарыста Якоб Фульсанг жеңіске жетсе, Александр Власов үшінші орын иеленді. «Бенилюкс туры» кезінде алған жарақатына байланысты Фульсанг биыл «Ломбардия турына» қатыса алмайды.

«Ломбардия туры» биыл басқа жарыс бағыты бойынша, Комодан Бергамоға дейін өтеді. Ал жарыс жолының ұзақтығы 239 шақырымды құрайды. Шабандоздарға Гисалло, Ронкола, Бербенно, Доссена, Замлба Альтан және Пассо ди Ганда сияқты біраз асуларды бағындыруға тура келеді.

««Ломбардия турынан» жақсы естеліктер қалды. Монументалды «классикада» үшінші орын иелену – бұл ерекше сезім және біз таңғажайып жарыс өткіздік. Биыл біз әдеттегі жарыс өтетін уақытқа ораламыз. Сайыс өткен жылдың тамызындағыдай ыстық уақытта болмайды және жарыс бағыты да басқаша болып, Комодан Бергамоға дейін өтеді. Мен жарысты жақсы өткізуге дайындалып жатырмын. Бірақ, бұл додада өте мықты шабандоздар көп болады. Сонымен, жағдайдың қалай болатынын көреміз. Қалай болғанда да мен жоғары нәтижеге жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынмын», – деді Александр Власов.

 

«Алғашқы 90 шақырым жол қиындық тудырмайды. Біз Гисаллоны екінші жағынан бағындырамыз. Ал Леккодан кейінгі жарыстың екінші жартысы өте қиын болады. Сайыстың шешуші сәті міндетті түрде соңғы екі асуда өтеді. Содан кейін бізді 30 шақырымдық жылдам, бірақ техникалық тұрғыдан аса қиын емес жол күтіп тұр. Әрине, Якобтың жоқтығы білінеді. Бірақ бұл велоспорт. Соған қарамастан, біз өткен жылы өте мықты болған Александр мен бабы жақсы деңгейдегі Алексейден үміт күтеміз», – деді команданың спорт директоры Стефано Занини.

Команда құрамы: Мануэле Боаро (Италия), Самуэле Баттистелла (Италия), Родриго Контрерас (Колумбия), Фабио Феллине (Италия), Алексей Луценко (Қазақстан), Маттео Собреро (Италия), Александр Власов (Ресей).

Спорт директорлар: Джузеппе Мартинелли (Италия), Стефано Занини (Италия).