Back To Top

Алексей Луценко мен Луис Леон Санчес «Мигель Индурайн Гран-приінде» жеңіс тұғырына көтерілді

«Мигель Индурайн Гран-приінде» тамаша өнер көрсеткен Astana – Premier Tech командасы жарысты қос жеңіспен аяқтады. Қазақстан чемпионы Алексей Луценко 2-орын иеленсе, ал Испания чемпионы Луис Леон Санчес 3-орынға ие болды.

Омар Фрайле жарысты 9-болып аяқтап, командалық есепте жеңісті қамтамасыз етті. Осылайша, Astana – Premier Tech жарыстың ең үздік командасы деп танылды. Бұрынғы Әлем чемпионы Алехандро Вальверде «Мигель Индурайн Гран-приі 2021» велододасының жеңімпазы атанды.

«Мен Париж-Ниццада құлағаннан кейін енді ғана қайта бабыма келдім. Содан бері толықтай бабыма келу үшін көп жұмыс жасадым. Арденн «классикасына» дайындық үстіндемін. Бірақ қазір өзімді жақсы сезінемін және велододаны жақсы өткіздім деп ойлаймын. Жарыс жолының алғашқы жартысында сәл қиын болды. Бірақ кейінірек мен өзімді едәуір жақсы сезіндім. Сондықтан велододаның шешуші сәтінде алда болдым. Вальверденің біздің топтан шабуылдап, Санческе қарай ауысқанын көргенде, мен оларға қосылу үшін қарсы шабуылға шықтым. Луис Леонмен бірге біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Құлдиға қарай шабуылдауға тырыстым. Бірақ ол нәтиже бермеді. Бұл жарыста жеңіске жету үшін жақсы мүмкіндік болды және біз барымызды салдық. Дегенмен бұл жолы Вальверде мықты болды. Соған қарамастан, өзімнің көрсеткен нәтижеме көңілім толады және енді келесі аптада өтетін «Баск елдерінің турына» дайындалып жатырмын. Негізгі мақсат бұрынғыдай – Арденн апталығына дайындалу. Бірақ, егер жеңіске жету үшін жекпе-жекке шығу мүмкіндігі болса, мен оны пайдалануға тырысамын», – деді Алексей Луценко.

«Тағы да жеңіске біртабан жақын болдым. Бірақ жеңіске жете алмадым. Әрине, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бірақ бұл жеткіліксіз болды. Сондықтан көңіл-күйім түсті. Команда тамаша өнер көрсетті. Жігіттер мен үшін керемет жұмыс жасады. Маған шабуыл жасау үшін мүмкіндік берді. Біздің тобымызда бәрі ойдағыдай өтті. Соңғы үлкен асуда шабуылдадым. Бірақ кейінірек Вальверде мені қуып жетті. Алексеймен бірге біз мүмкіндігімізді пайдалануға тырыстық. Бірақ ол нәтиже бермеді. Өкінетін ештеңе жоқ. Өйткені команда да, мен де бүгін барымызды салдық. Енді менде шағын демалыс.  Содан кейін «Альпі туры» мен «Джиро д’Италияға» қатысамын, – деп қоса кетті Луис Леон Санчес.

Astana – Premier Tech велодода басталған сәттен бастап-ақ жарысты бақылауға алып, алты шабандоздан тұратын көшбасшы топтың алысқа ұзауына жол бермеді. Оскар Родригес пен Хавьер Ромо алыңғы қатарда ауқымды жұмыс атқарды және көшбасшы топтың басымдылығын біртіндеп азайтып отырды. 70 шақырымнан кейін жарыстың шешуші кезеңі басталды. Сол уақытта пелотон көшбасшы топты қуып жетті.

Көшбасшыларды қуып жеткеннен кейін топтағы жылдамдық біртіндеп жоғарылай бастады, шиеленіс күшейе түсті. Мәреге 45 шақырым қалғанда Йон Исагирре шабуыл жасады. Нәтижесінде арасында Луис Леон Санчес бар шағын топ құрылды. Сәл кейінірек Испания чемпионы шабуылдап, тағы үш шабандозбен жаңа көшбасшы топ алға озды. Мәреге 20 шақырым қалғанда Санчестің басымдығы 40 секундты құрады. Осы уақыт ішінде көшбасшы топтың соңында фавориттер болды. Олардың арасында AstanaPremier Tech-тың төрт өкілі – Алексей Луценко, Йон Исагирре, Омар Фрайле және Алекс Аранбурулар бар еді.

Санчес өз тобында ең мықты болды және мәреге 11 шақырым қалғанда соңғы категориялық асуда шешуші шабуыл жасады. Алайда көп ұзамай Алехандро Вальверде оған қосылып, Алексей Луценкого қарсы шабуыл жасады.

Қазақстан чемпионы мен Испания чемпионы жарыс жолының соңғы шақырымдарында шабуыл жасауға тырысты. Бірақ шешуші шабуылды жарыс жеңімпазы атанған Вальверде жасады. Оның ізімен Алексей Луценко жарысты аяқтаса, ал Луис Леон Санчес үздік үштік қатарын толықтырды.

«Мен біздің командамен мақтанамын. Жігіттердің барлығы өте жақсы жұмыс жасады. Біз жарысты керемет өткіздік. Шабандоздар жоспарды толықтай орындады. Бірде-бір қателік жіберген жоқпыз. Қажетті сәтте шабуылдадық. Ал Луис Леон Санчес мәреге жету үшін барлық мүмкіндіктері бар көшбасшы топпен алға озды. Көшбасшы топтан кейін бірнеше команда бірден жинақталып, соңғы 20 шақырымда алға озған шабандоздардың ізіне түсті. Біз бүгін ең мықты команда болдық деп ойлаймын. Бірақ бір шабандоз бәрінен де мықты болып шықты. Мен жігіттердің барлығына осы жарыс күні үшін алғыс айтқым келеді. Біз керемет өнер көрсеттік. Алехандро Вальвердені жеңісімен құттықтаймын. Қалай болғанда да, бүгін бізде жарыста жеңіске жету үшін жақсы талпыныс болды. Алайда қазір бар ойымыз «Баск елдерінің турында»», – деді спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

«Мигель Индурайн Гран-приі»

Эстелла – Эстелла, 203 шақырым.

Жарыстың үздік үштігі: 1. Алехандро Вальверде (Movistar Team); 2. Алексей Луценко(Astana – Premier Tech); 3. Луис Леон Санчес (Astana – Premier Tech).

Astana – Premier Tech Үздік үштік: 2. Алексей Луценко; 3. Луис Леон Санчес; 9. Омар Фраиле.

 

Photo credit: @Getty Images