Back To Top

«Баск елдерінің туры». 6-кезең. Йон Исагирре жалпы есепте 10-нәтиже көрсетті

Astana – Premier Tech командасының шабандозы Йон Исагирре «Баск елдері турының» соңғы алтыншы кезеңінде 11-ші нәтиже көрсетіп, жарыстың жалпы есебі бойынша 10-шы орынға ие болды.

Қазақстандық-канадалық команда жарысты өте белсенді бастап, патшалық кезеңнің алғашқы шақырымынан шабуылға шықты. Алекс Аранбуру мен Омар Фраиле кезең бойы алдыңғы қатарда болды. Әр шабуылды қадағалап, асулар мен құлдиларда жекелей шабуыл жасады.

Жарыс жолындағы төртінші асудың ең маңызды сәтінде Элосуада Аранбуру мен Фраиле жылдамдықтарын арттырып, пелотонды бірнеше топқа бөліп жіберді. Йон Исагиррені алға шығарып, шағын көшбасшы топ құрды. Олардың қатарында бірнеше фавориттер, соның ішінде Примож Роглич те бар болатын.

Роглич жарыс жолының ең қиын асуы – Крабелин тауында шабуыл жасап, тағы екі шабандозбен бірге алға озды. Ал Йон Исагирре бастапқыда артта қалып қойып, содан кейін құлдида қуғыншылардың бірінші тобына қайта оралды. Нәтижесінде қолынан келгеннің бәрін жасаған Исагире 11-ші болып мәреге жетті. Ал француз Давид Годю жеңіс тойын тойлады. Примож Роглич екінші орынға ие болып, «Баск елдерінің туры» велододасының жалпы есебі бойынша жеңімпаз атанды. Ал Йон Исагирре 10 орынға ие болды.

«Біз жарысты екі кезеңдегі жеңіспен аяқтап отырмыз және бұл біз үшін өте жақсы нәтиже. Маусымдағы алғашқы жеңісімізді ұзақ күттік. Нәтижесінде көп күткеніміз екі әдемі жеңіспен аяқталды. Сонымен қатар, шабандоздардың командалық жұмыстарын ерекше атап өткім келеді. Жарысты белсенді өткіздік. Әр кезең сайын алдыңғы қатарда болдық. Шабуылдауға тырыстық, көшбасшы топта болдық, әдемі велосипед шоуын көрсеттік. Жалпы есепте жағдай біз ойлағандай болмады. Нәтижесінде Йон Исагирре оныншы орынға ие болды. Бірақ команда өзінің келесі үлкен мақсаты – Арденн классикасына бір қадам жасаған сияқты», – деді спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

«Баск елдерінің туры». 6-кезең. Ондарроа – Аррате (Эйбар), 111.9 шақырым

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Давид Годю (Groupama – FDJ); 2. Примож Роглич (Team Jumbo-Visma); 3. Алехандро Вальверде (Movistar Team).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі: 11. Йон Исагирре; 17. Якоб Фульсанг; 75. Алекс Аранбуру.

Жалпы есептің үздік үштігі: 1. Примож Роглич (Team Jumbo-Visma); 2. Йонас Вингегаард (Team Jumbo-Visma); 3. Тадей Погачар (UAE-Team Emirates).

AstanaPremier Tech Жалпы есептің үздік үштігі: 10. Йон Исагирре; 15. Якоб Фульсанг; 38. Алекс Аранбуру.

Photo credit: @Getty Images