Back To Top

БАӘ туры. 6-кезең. Алексей Луценко, Луис Леон Санчес және Дмитрий Груздевтер Дубайда спринтерлік кезеңде шабуылға шықты

Кеше Джебель Джаис шыңына дейін өткен соңғы таулы кезеңнен кейін, бүгін «БАӘ туры» Дубайда аяқталған спринтерлік кезеңмен жалғасын тапты.

Кезеңнің спринтпен аяқталатыны алдын ала белгілі болғанына қарамастан Astana-Premier Tech командасының шабандоздары жарысты белсенді өткізуге бел байлады. Жарыс жолының алғашқы километрлерінен кешегі күннің қаһарманы Алексей Луценко мен оның командаласы Луис Леон Санчес шабуылдады. Төрт шабандозбен бірге олар негізгі топтан 3 минуттан артық басымдылыққа ие болып, көшбасшы топ құрды.

Нәтижесінде Луценко мен Санчестің тобы 140 шақырымнан аса жарыс жолында алдыңғы қатарда болды. Бірақ оларды пелотон қуып жетті. Дәл сол уақытта негізгі топтан қазақстандық шабандоз Дмитрий Груздев шабуылдады. Бұл жақсы сынақ болды. Astana-Premier Tech командасының ардагер шабандозы 12 шақырымнан аса көш басында болды. Бірақ мәреге 10 шақырым қалғанда пелотон оны қуып жетті.

Қазақстандық-канадалық команданың тағы бір шабандозы Маттео Собреро мәреге дейін 6,8 шақырым қалғанда қақтығысқа тап болды. Қуанышқа орай, Маттео жарысты жалғастырып, кезеңді аяқтады.

Алдын ала күтілгендей, кезең тағдыры спринтте шешіліп, Сэм Беннетт жеңіске жетті. Astana – Premier Tech шабандоздары арасынан үздік нәтиже көрсеткен Евгений Гидич 14-орынға ие болды.

«Мұнда біз тек спринтерлермен ғана күресе алмаймыз. Сондықтан бүгін біз басқаша әрекет етіп көрдік. Кезеңнің екінші жартысында болатын желдің болжамына байланысты біз шабандоздарымызды көшбасшы топқа жіберуді жөн санадық. Қапталдан соққан желдің әсерінен пелотон бірнеше топқа бөлініп жатқанда, шабандоздарымыз алдыңғы қатарға шығады деп ойладық. Расымен де мәреге 50-60 шақырым қалғанда эшелондар пайда болды. Бірақ кейінірек пелотон қайтадан жиналды. Өйткені бес команда негізгі топты алға сүйреп отырды. Пелотонды қуып жеткен біздің жігіттерде ешқандай мүмкіндік болмады. Соған қарамастан, шабандоздар бүгін бағын сынап көргеніне қуанышты. Сондай-ақ, Дмитрий Груздев финалда керемет шабуыл жасады. Енді бір кезең ғана қалды. Ал біздің ойымыз алда өтетін Париж-Ницца және Тиррено-Адриатико сияқты үлкен жарыстарда», – деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

БАӘ туры. 6-кезең. Остров Дейра – Палм Джумейра, 165 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1.Сэм Беннетт (Deceuninck-Quick Step); 2.Элиа Вивиани (Cofidis, Solutions Crédits); 3.Паскаль Аккерманн (BORA-Hansgrohe).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі: 14. Евгений Гидич; 51. Алексей Луценко; 52. Стефан Де Бод.

Photo credit: @GettyImages