Back To Top

Винченцо Нибали «Астанаға» қайта оралды

Винченцо Нибали 2013-2016 жылдар аралығында өнер көрсеткен «Астана» командасына қайта оралады. «Астанамен» бірге Нибали өзінің ірі жеңістерінің басым бөлігіне қол жеткізген. Оның ішінде «Джиро д’Италияда» жалпы есептегі екі жеңіс (2013 және 2016 жылдары) және «Тур де Франстағы» жеңіс (2014) бар.

36 жастағы италиялық шабандоз 2022 жылғы маусымда «Астана» сапына қосылады.

««Астана» командасына оралғаныма өте қуаныштымын. Өйткені мен үшін бұл команда көп нәрсе сыйлаған, ең үлкен жетістіктерге қол жеткізген нағыз отбасы іспеттес. Команданың басшылығы мен қызметкерлерінің көпшілігін жақсы білемін. Сондықтан мен өзім білетін командаға ораламын. Сонымен қатар, Қазақстанға және оның астанасына барғаннан кейін жадымда тамаша естеліктер қалды. Бұл орасан зор тәжірибе болды»,деді Винченцо Нибали.

 

«Менің командаға қайта оралуымнан нақты бір нәтижелер күту және келесі маусымға арналған жоспарлар туралы айту қиын. Бірақ, бұл мен үшін бірінші кезекте жаңа маусымды толық өткізгім келетін ұжыммен тамаша кездесу болады. Әрине, өзімді көрсетіп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізгім келеді. Бірақ, жас жігіттермен тәжірибе алмасу да қызықты болады деп ойлаймын. Қалай болғанда да, біз команда басшылығымен бірге жаңа маусымға арналған әр түрлі жоспарларды талқылап, команданың да, менің жеке мақсаттарымды да анықтайтын боламыз. Содан кейін таңдаған бағыт бойынша жүреміз», – деп қоса кетті Винченцо Нибали.

Винченцо Нибали «Астанада» төрт маусым өткізді. Сол уақыт аралығында 22 жеңіске жетті. Оның ішінде («Джиро» мен «Турдағы» аталған жеңістерден басқа) «Ломбардия туры», «Италия чемпионаты», «Тиррено-Адриатико», «Джиро дель Трентино», және «Оман туры» бар. Сондай-ақ, қазақстандық команданың құрамында Нибали Гранд-турларда 9 кезеңде жеңіске жеткен.

«Оның командаға оралғаны бізді қуантады. Винченцо Нибали таныстыруды қажет етпейтін спортшы. Ол нағыз чемпион және көшбасшы. Бәлкім біздің командада ол өзінің мансабындағы ең жақсы жылдарын өткізген болар. Менің ойымша, мұндай деңгейдегі велошабандоздың мансабын «Астанада» аяқтауы тамаша үйлесетін секілді. Біз үшін Нибалидің ауысуы – жаңа маусымда үлкен өзгеріске ұшыратады. Винченцоның бай тәжірибиесін молынан пайдалануға тырысамыз. Десе де, негізгі үміт жас шабандоздарда. Ал Нибали сияқты чемпионның команда сапында болуы өте маңызды рөл атқарады. Менің ойымша Винченцо велоспортта әлі талай жетістіктерге жетеді. Бірге жетістікке жету үшін ол команда көшбасшысы бола алады», – деді «Астана» командасының бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @Gettysport