Back To Top

Джиро д’Италия. 20-кезең. Соңғы таулы кезеңде Александр Власов мәреге 7-болып келді

104-мәрте ұйымдастырылған «Джиро д’Италияның» бүгін соңғы таулы кезеңі өтті. Шабандоздар финалдық Альпе-Мотта шыңы алдында теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан екі асуды бағындырды.

Жарыстың шешуші сәті Пассо Сан Барнардино асуына бастайтын жолда, италиялық велошабандоз Дамиано Карузо мен оның командаластары шабуылға шыққан сәтте орын алды. Олар қызғылт жейде иегерінің тобынан 40 секундтай басымдылыққа ие болды. Нәтижесінде Карузо жылдамдығын арттырып, кезеңде жеңіске жетті. Сондай-ақ ол жалпы есептегі екінші орынды сақтап қалды.

Astana – Premier Tech командасының капитаны Александр Власов Пассо делло Шплюга асуында шабуылдады. Бірақ кейінірек қарсыластары оны қуып жетті. Соңғы асуда Власов өзінің командаластарының қолдауымен қызғылт жейде иегерінің тобында жақсы позицияда болды. Бірақ асуға 3 шақырым қалғанда ол өз жылдамдығымыен жүруге мәжбүр болды. Нәтижесінде жеңімпазға 1 минут 13 секунд ұтылып, мәреге 7-болып келді.

«Бүгін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, 100 % барымды салдым. Финалда Бернальмен бір топта қалу үшін сәл ғана уақыт жетпей қалды. Мен қызғылт жейде иегерінің тобынан шығып қалдым. Бірақ барынша жоғары нәтиже көрсету үшін шыңға дейін өз жылдамдығыммен жүрдім. Бұл тағы бір өте ауыр күн болды. Бірақ команда маған үлкен қолдау көрсетті. Енді ертеңгі жекелей уақытқа арналған жарыста барынша жақсы нәтиже көрсету үшін тезірек қайта бабыма келуге тырысамын, – деді Александр Власов.

«Таулы аймақта өткен тағы бір қиын кезең. Бірақ біздің команда Александр Власовқа көмектесу үшін өте жақсы жұмыс жасады. Оны күні бойы қорғап, соңғы тауда жақсы позицияға шығарды. Александр қолынан келгеннің бәрін жасады. Өкінетін ештеңе жоқ. Мен осы «Джиро д’Италиядағы» біздің командамен мақтанамын. Үш апта бойы жарысты бірге өте жақсы жүріп өттік.  Енді Миланда өтетін жекелей жарысқа дайындаламыз. Ол өте қиын сынақ болады. Бірақ ең жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бар күшімізді саламыз», – деп қоса кетті спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

«Джиро д’Италияның» соңғы кезеңі алдында Эган Берналь көшбасшының қызғылт жейдесін сақтап қалды. Көшбасшыға 7 минут 7 секунд уақыт ұтылған Александр Власов 4-орында қалды.

Джиро д’Италия, 20-кезең. Вербания – Валле-Шплюга – Альпе Мотта, 164 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Дамиано Карузо (Bahrain – Victorious); 2. Эган Берналь (INEOSGrenadiers); 3. Даниэль Мартинес (INEOS Grenadiers).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі: 7. Александр Власов; 16. Вадим Пронский; 19. Харольд Техада.

Photo credit: @Gettysport