Back To Top

Джо Домбровски «Астана» командасымен екі жылдық келісімге қол қояды

Америкалық шабандоз Джо Домбровски «Астана» командасына ауысады. Кәсіби мансабын 2013 жылы бастаған отыз жастағы таулы аймақтың шабандозы 2022 және 2023 жылдары, алдағы екі маусымды қазақстандық командада өткізеді.

«Астана – тарихы бай, үлкен ұжым. Команда осы жылдар ішінде біздің спорт түрінен ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сондықтан мен «Астанаға» ауысқаныма өте қуаныштымын және біраз толқып тұрмын. Өз мақсаттарымызды анықтау үшін маусымаралық оқу-жаттығу жиынында командамен және басшылықпен өтетін кездесуді асыға күтемін. Жаңа жоспарлар командалық тапсырмалармен байланысты ма, әлде жеке нәтиже үшін күресте өзін көрсетуге байланысты бола ма, мұның барлығы мен үшін үлкен сынақ болатынына сенімдімін», – деді Джо Домбровски.

Джо Домбровски – таулы аймақтың шабандозы және көпкүндік жарыстардың маманы ретінде танымал. Ол Гранд-турларда көшбасшылардың мықты көмекшісі және кезеңдерде жеңіске жету мүмкіндігін іздейтін шабандоз.

Мысалы, биыл Домбровски әдемі стильде «Джиро д’Италияның» 4-кезеңін жеңіп алды. Барлық нәтижелерінің ішінде шабандоз 2015 жылғы «Юта Турының» жалпы есебіндегі жеңісті, сол жылғы «Калифорния турының» бас классификациясындағы 4-орынды, 2018 жылғы «Колорадо Классикасындағы» бесінші орынды атап өтуге болады. Сондай-ақ ол 2019 жылы «Джиро д’Италияның» жалпы есебінде 12-нәтиже көрсетті.

«Біріншіден, Джо Домбровскиді біз таулы аймақтың мықты шабандозы және Гранд-турлардағы команда көшбасшыларының тәжірибелі көмекшісі ретінде білеміз. Біздің команда алдағы маусымда үлкен өзгерістерге ұшырайды. Біз Гранд-тур жарыстарына қатысатын командамызды Джо сияқты сенімді және әмбебап шабандозбен нығайтқанымызға қуаныштымыз. Әрине, біз Домбровски бірнеше жылдар бойы жинаған барлық тәжірибесімен жекелеген кезеңдердегі жеңістер үшін күресте немесе шағын көпкүндік жарыстардың жалпы есебінде бәсекелес бола алатын шабандоз деп ойлаймыз. Шабанадоздың біздің командадағы алғашқы маусымдағы нақты мақсаттары туралы айтуға әлі ерте. Бірақ бұл келісім-шарт екі тарапқа да, команда үшін де, шабандоздың өзі үшін де сәтті болатынына сенімдімін», – деді «Астана» командасының 2022 жылдағы бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @Gettysport