Back To Top

Евгений Федоров топтық жарыста Қазақстан чемпионы атанды, Евгений Гидич пен Артем Захаров жүлделі болды

Astana – Premier Tech командасы бүгін Петропавлда өткен топтық жарыста үш жүлдені де жеңіп алып, 2021 жылғы Қазақстан чемпионатында мықты екенін паш етті. Евгений Федоров топтық жарыста еліміздің жаңа чемпионы атанды. Ал Евгений Гидич пен Артем Захаров екінші және үшінші орындарды иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

«Осыдан бірнеше күн бұрын жекелей жарыста мен жеңіске біртабан жақын болдым жәнебірнеше секунд қана уақыт жетпеді. Сондықтан, бүгін жарыс жолын жеңіске таласамын деген оймен бастадым. Мен жарыс күнін жақсы өткіздім және мәреге дейінгі бір асуы бар және үлкен, тегіс жарыс жолы маған ұнады. Мәреге үш айналым қалғанда шабуыл жасадым. Бірақ үлкен басымдыққа ие бола алмадым. Финалда топ мені қуып жетті. Дегенмен, біраз күшім бар болатын Сондықтан спринтте қолымнан келгеннің бәрін жасадым және бұл жеңіске жету үшін жеткілікті болды. Мен өз жетістігіме өте қуаныштымын және Қазақстан чемпионының жейдесінде кеудемді қуаныш сезімі кернейді. Енді мені қысқа демалыс күтіп тұр. Содан кейін маусымның екінші жартысына дайындалу үшін командамен бірге оқу-жаттығу жиынына барамын», – деді Евгений Федоров.

Мәреге алты айналым қалғанда алға озған топ кейінгі шабандоздарға ұсталып, алдыңғы қатарда көшбасшылардың жаңа тобы құрылды. Олардың арасында Astana – Premier Tech командасының бес өкілі бар болатын. Бұл топ пелотонмен салыстырғанда бір минуттан аса уақыт  басымдылыққа ие болды. Мәреге үш айналым қалғанда Евгений Федоров жеке шабуыл жасап, қарсыластарынан 10 секундқа алға озды.

Федоров өзінің басымдығын арттыру үшін мықты жұмыс жасады. Алайда ол 15 секундтан аспады. Мәреге жетер алдында қуғыншылар аралықты жаба алды. Бірақ спринтте Федоров Гидич пен Захаровтан озып, бірінші орынға ие болды.

Қазақстан чемпионаты, топтық жарыс, 160 шақырым.

Үздік үштік: 1. Евгений Федоров (Astana – Premier Tech); 2. Евгений Гидич (Astana – Premier Tech); 3. Артем Захаров (Astana – Premier Tech).