Back To Top

Йон Исагирре – жекелей жарыста Испания чемпионы атанды

Astana – Premier Tech командасының тағы бір шабандозы жекелей жарыста өз елінің чемпионы атанды. Бүгін Йон Исагирре өзінің басты қарсыласынан небәрі 0,08 секунд алға озып, Испания чемпионатында алтыннан алқа тақты.

2016-жылы Испания чемпионатында осы сайыс түрі бойынша жеңіске жеткен Исагирре жарыс жолының алғашқы жартысын жақсы жүріп өтіп, аралық уақытта екінші нәтиже көрсетті. Ол көшбасшы Дэвид Де Ла Круздан төрт секунд артта қалып қойды. Алайда екінші кезеңде Astana – Premier Tech шабандозы жылдамдығын арттырып, финиште екі шабандоздың уақыт айырмашылығы Исагиренің пайдасына небәрі 0,08 секундты құрады.

«Тағы да Испания чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. Жарыс мен үшін өте жақсы өтті. Сайыс қиын болса да жарыс жолының соңына дейін өзімді керемет сезіндім. Шынында да, тас жол асуларымен және құлдиларымен қиынға соқты. Сондықтан бірқалыпты жылдамдықпен жүру қиын болды. Бірақ күшімді орынды  пайдалана алдым деп ойлаймын. Мен жеңіс тағдыры бірнеше секундта ғана шешілетінін білдім және солай болды. Біздің бапкер Иван Веласко көлікпен менің артымнан еріп, Де Ла Круздың уақытты қысқартқаны туралы хабардар етті. Ал одан озу үшін барымды салуға тура келді. Шынымды айтсам, қазір мен бақыттымын!», – деді Йон Исагирре.

«Критериум дю Дофиненің» кезеңдерінің бірінде жекелей жарыста тек командаласы Алексей Луценкоға ұтылғаннан кейін осы сайыс түрі бойынша Исагирре Испания чемпионатында сәтті өнер көрсетуін жалғастыруда.

Испания Чемпионаты, жекелей жарыс. 32.1.шақырым. Бусот.

Үздік үштік: 1. Йон Исагирре; 2. Давид Де Ла Крус (UAE Team Emirates); 3. Карлос Родригес (INEOS Grenadiers).

Photo credit: RFEC