Back To Top

Йон Исагирре «Романдия турында» жеңіске жетуді мақсат етіп отыр

Astana – Premier Tech көшбасшыларының бірі Йон Исагирре келесі аптада Швейцарияда Әлемдік тур аясында өтетін «Романдия туры» көпкүндігінде команда капитаны болады. Таяуда өткен «Баск елдерінің» туры көпкүндігінің жеңімпазы және «Париж-Ниццаның» қола жүлдегері бұл жарыста жалпы есепте жеңіс тұғырына таласуды жоспарлап отыр.

«Маған «Романдия туры» өте қатты ұнайды. Екі жекелей жарыспен өтетін алты кезеңдік жарыс расымен де менің ыңғайыма жақсы келеді. Басты мақсат – жалпы есепте жоғары орындарға таласу. Бізді алғашқы кезең, финалдық «жекелей уақытқа арналған жарыс» және екі өте қиын кезең күтіп тұр. Мен жарысты жақсы өткізіп, жүлделі орынға ие боламын деп үміттенемін. Бірақ жағдайдың қалай өрбитінін көре жатармыз», – деді Йон Исагирре.

Команданың тағы бір көшбасшысы, Қазақстан чемпионы Алексей Луценко да алдына биік мақсаттар қойып отыр. Ол таулы аймақта өтетін кезеңдерде жеңіс үшін таласуды көздеп отыр. 

«Ең алдымен, жексенбі күні басталатын «Льеж-Бастонь-Льежге» дайындалып жатырмын. Біздің команда осы жарыста жақсы нәтижеге қол жеткізе алады және мен өзімді көрсете аламын деп сенемін. Содан кейін «Романдия турына» барамын және бұл жарыс мен үшін маусымның алғашқы жартысындағы соңғы велодода болады. Осыдан кейін демалыс және биік таулы аймақта оқу-жаттығу жиындары басталады. «Романдия туры» – әдемі көпкүндік жарыс. Мен бұл сайысқа соңғы рет 2016-жылы қатысқанмын. Жарысқа қайта оралып, кезеңдердің бірінде жеңіске жетемін деп ойлаймын. Жалпы өзімді жақсы сезінемін және соңғы екі Арденн «классикасында» бәрі ойдағыдай өтті, – деп қоса кетті Алексей Луценко.

Йона Исагирре мен Алексей Луценкодан басқа Astana – Premier Tech командасынан «Романдия турына» Горка Исагирре, Хавьер Ромо, Мануэле Боаро, Давиде Мартинелли және Родриго Контрерастар қатысады.

«Біз «Романдия Турына» Йон Исагирре сияқты мықты көшбасшымен және жалпы есеп үшін күресте оны қолдауға дайын жігерлі командамен барамыз. Йон маусымды өте жақсы бастады. Ол «Париж-Ниццада» үшінші орын иеленсе, «Баск елдерінің турының» кезеңдерінің бірінде жеңіске жетті. Сондықтан оның бабы өте жақсы. Командалардың барлығы  «Романдия турына» әрдайым мықты шабандоздарды әкеледі. Сондықтан біз жалпы есепте және жекелеген кезеңдер үшін күресуге дайынбыз. Біздің командада әр түрлі кезеңдерде өзін көрсете алатын Алексей Луценко бар. Париж-Ниццада құлағаннан кейін Алексей қайта бабына келді және жоғары нәтиже үшін күресуге 100% дайын. Кезеңдерде жеңіске таласатын басқа шабандоздарымыз бар. Сондықтан бұл жарыстың қалай өтетінін көре жатармыз», – деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

«Романдия туры», 6 кезең. 27 сәуір – 2 мамыр.

Команда құрамы: Мануэле Боаро (Италия), Родриго Контрерас (Колумбия), Горка Исагирре (Испания), Йон Исагирре (Испания), Алексей Луценко (Қазақстан), Давиде Мартинелли (Италия), Хавьер Ромо (Испания).

Спорт директорлар: Дмитрий Фофонов (Қазақстан), Сергей Яковлев (Қазақстан).

Жарыс туралы ақпарат: https://www.tourderomandie.ch