Back To Top

Колумбия туры. Харольд Техада екінші кезеңде алғашқы жеңіске қол жеткізді

Санта-Роса-де-Витербода спринтте мәреге пелотоннан 23 секунд бұрын жеткен Харольд Техада «Колумбия туры» көпкүндігінің екінші кезеңінде әдемі жеңіске жетті.

Astana Qazaqstan Team командасының колумбиялық шабандозы командаға 2024 жылғы маусымдағы алғашқы жеңісін сыйлады.

17 шабандоздан тұратын топ жарыстың екінші жартысында екі жарым минут басымдыққа ие болып, пелотоннан алыстап кетті. Харольд Техада өте ұтымды және тактикалық жарыста көш бастады. Кезеңдегі соңғы асуда, сондай-ақ кезеңнің соңғы шақырымдарында Техада қарсыластарының барлық шабуылдарына жауап қайтарып, спринтте Astana Qazaqstan Team шабандозы лайықты жеңіске жетті.

«Әйтеуір мақсатыма қол жеткіздім! Сене алар емеспін. Өйткені бұл жеңісті көптен бері күттім. Соңғы бірнеше маусымда алға жылжып  жатқанымды сезіндім. 2023 жылы нәтижелер болды. Ал енді мен жеңіске жеттім. Осы жеңіске және жарыс күнін нәтижелі өткізгеніме өте қуаныштымын. Шынымды айтсам, біздің кезеңге арналған жоспарымыз басқаша болды. Бірақ, үлкен топтың алға озуға талпынып жатқанын көргенде, командамыздың осы топта болуын қамтамасыз ету үшін олардың соңынан ердім. Нәтижесінде бізде мықты топ пайда болды және кезеңде жеңіске жетуге жеткілікті екі жарым минуттай басымдыққа қол жеткіздік. Түрлі топтарда өткізген сонша шақырымнан кейін жарыстың шешуші сәттері үшін мүмкіндігінше энергияны үнемдеуге тырысу керек екенін түсіндім. Бұл жоспарым іске асты және соңғы шақырымдар мен спринтте менің аяғымда әлі де күш болды. Біз Колумбияда команда ретінде тамаша апталарды бастан өткердік. Оқу-жаттығу жиынында жақсы жұмыс жасадық және бабымның жақсарып келе жатқанын сезінемін. Бұл жарыстағы мақсатымыз спринтте Марк Кавендишпен бірге кезеңді жеңу болды. Бірақ, бүгін жеңіске жеттім. Енді командамен «Колумбия турының» келесі кезеңдеріне дайындалатын боламыз», – деді Харольд Техада.

 

«Харольд үшін өте қуаныштымын! Бұл Харольд үшін ғана емес бүкіл команда үшін тамаша жеңіс. Харольдқа Колумбияда жеңіске жету маңызды болды. Дегенмен мұндай жетістік команда үшін де маңызды. Өйткені бұл біздің маусымдағы алғашқы жеңісіміз. Харольд соңғы асу жолын жақсы білетін. Мұнда бес-алты рет жаттыққанбыз. Оның үлкен топқа қосылғанын көргенде, біз оған сабырлы болып, күш-қуатын сақтап, асу жолын өз қарқынымен бастауға кеңес бердік. Ол барлығын қажетінше орындап, кезеңде жеңіс әкелген ғаламат спринт көрсетті. Негізгі топпен бірге еш қиындықсыз кезеңді аяқтаған Харольд Мартин Лопес пен Алексей Луценконың өнеріне де ризамыз. Алда төрт кезең бар және біз жеңіс үшін күресуді жалғастырамыз», – деді Astana Qazaqstan Team командасының бас бапкері Василис Анастопоулос.

Екінші кезең қорытындысы бойынша Харольд Техада көпкүндіктің жалпы есебінде көш бастады.

Photo credit: @SprintCycling