Back To Top

Критериум дю Дофине. Алекс Аранбуру 5-кезеңде 3-орынға ие болды

Критериум дю Дофиненің 5-кезеңінің финиші қарбалас өтіп, күтпеген жағдай орын алды. Британиялық Джерейнт Томас жарыс жолының соңғы километрінде, 180 градустық қауіпті бұрылыста шабуыл жасады. Пелотонның қанша талпынғанына қарамастан, Томасты қуып жету мүмкін болмады. Нәтижесінде британиялық шабандоз жеңіске жетті. Ал италиялық Сонни Колбрелли спринтте топтан екінші болып келді. Astana – Premier Tech шабандозы Алекс Аранбуру спринтте өзін тамаша көрсетіп, жүлделі 3-орынға ие болды.

«Кеше құлағаннан кейін, бүгінгі менің жоспарым жолда қандай сезімде болатынымды білу болды. Кезең басталғанда өзімді онша жақсы сезінбедім. Біраз қиналдым деуге де болады. Жарыстың ортасына қарай, әсіресе жарыс жылдамдығы артып, шабуылдар басталғанда жағдайым жақсарды. Соңғы асу кезінде мүмкіндігінше аз күш жұмсау үшін өз жылдамдығыммен жүруге тырыстым. Асу жолын топтың соңында бастадым. Содан кейін аздап алға шығып, соңында финалда көшбасшылар тобына кірдім. Спринтте жақсы позицияны сақтап қалып, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Сондықтан, жалпы, үшінші орын иеленгеніме көңілім толады», – деді Алекс Аранбуру.

«Критериум дю Дофиненің» жалпы есебіндегі жағдай өзгерген жоқ. Лукас Постлбергер көшбасшылығын жалғастыруда. Кешегі жеңімпаз Алексей Луценко одан небәрі 1 секундқа қалып келеді. Ал Йон Исагирре 4-орында (+0.09) қалды.

Ертең жарыс жолының соңғы 50 шақырымында қиын төрт асу орналасқан соңғы 6-кезең өтеді.

Критериум дю Дофине, 5-кезең. Сен-Шамон – Сен-Валье.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Герайнт Томас (INEOS Grenadiers); 2. Сонни Колбрелли (Bahrain – Victorious), 3. Алекс Аранбуру (Astana – Premier Tech)

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі:  3. Алекс Аранбуру; 18. Алексей Луценко; 24. Йон Исагирре. 

Photo credit: @Getty Images