Back To Top

Критериум дю Дофине. 3-кезең. Жеңіске біртабан жақын болған Алекс Аранбуру 2-орынға ие болды

Француздық «Критериум дю Дофине» велокөпкүндігінің 3-кезеңіндегі шиеленіскен финалда Алекс Аранбуру жеңіске біртабан жақын болды. Бірақ жарыс жолының соңғы метрлерінде италиялық велошабандоз Сонни Колбрелли оны басып озып кетті. Нәтижесінде Astana – Premier Tech командасының шабандозы екінші орынға ие болды.

«Соңғы шақырымда күтпеген жағдай орын алды. Өте қиын болды. Әр команданың екі шабандозынан ғана қалды және ешкім бір үлкен топ ұйымдастыра алмады. Дұрыс бағытта жүру үшін маған жолдың бір жағынан екінші жағына қайта ауысуға тура келді. Алдыңғы қатарда жалғыз екенімді түсінген соң спринтті бастауға бел будым. Өйткені алғашқы екі кезеңде мен спринтте шабандоздар арасында қалып қалған болатынмын. Осылайша, мүмкіндік пайда болғанда шабуылды бастадым. Бірақ соңғы метрлерде сәл ғана уақыт жетпей қалды», – деді Алекс Аранбуру.

Бүгінгі кезеңде тек екі шабандоз алдыңғы қатарда болды. Нәтижесінде, мәреге 22 шақырым қалғанда көшбасшы топты негізгі топ қуып жетті. Осыдан кейін жаппай спринт  басталды. Аранбуру спринтті мәреге 250 метр қалғанда бастап кетті. Бірақ Сонни Колбрелли бұл шабуылға жауап беріп, мәре алдында қазақстандық-канадалық команданың шабандозын айналып өтті.

«Бүгін менің аяқтарым жақсы жұмыс жасады. Тейдеде оқу-жаттығу жиынынан кейін қазіргі бабыма біраз сенімсіз болдым. Бірақ, мен күн сайын өзімді жақсы сезінудемін. Ертең бізді жекелей жарыс, содан кейін тауда бірнеше қиын күндер күтіп тұр. Онда біз жалпы есепте бағымызды сынап көруге тырысамыз. Менің ойымша, біз жарысты бақылауға алуымыз керек. Бірақ, көшбасшы топта да барымызды саламыз», – деп қоса кетті Аранбуру.

Жалпы есептің көшбасшысы аустриялық велошабандоз Лукас Постльбергер болса, ал Алекс Аранбуру 3-орында келеді.

Критериум дю Дофине, 3-кезең. Ланжеак – Сент-Аон-ле-Вьё, 172.2 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Сонни Колбрелли (Bahrain Victorious); 2. Алекс Аранбуру (Astana – Premier Tech); 3. Брэндон МакНалти (UAE Team-Emirates).

Astana – Premier Tech Кезеңнің үздік үштігі: 2. Алекс Аранбуру; 13. Йон Исагирре; 34. Алексей Луценко.

Photo credit: @Getty Images