Back To Top

Критериум дю Дофине. 7-кезең. Алексей Луценко финалдық кезең алдында жалпы есепте 2-орында

Француздық көпкүндіктің шешуші патшалық таулы кезеңінде AstanaPremier Tech шабандозы Алексей Луценко өзін тамаша қырынан көрсетті. Ол жарыста бар күшін салып, бас классификация көшбасшысының сары жейдесі үшін күресті.

Қарсыластарының толассыз шабуылдарына қарамастан Йон Исагирренің қолдауының арқасында Қазақстан чемпионы сары жейдені ойдағыдай қорғап келе жатқан. Бірақ, ол кезеңнің финалдық бөлігіндегі өте қиын 17 шақырымдық асуда қарсыласына жол берді. Аустралиялық велошабандоз Ричи Портты қуып жету үшін оған небәрі 26 секунд уақыт жетпей қалды.

«Бүгін нағыз қиын таулы кезең болды. Команда күні бойы өте жақсы жұмыс жасады, ал Йон мен үшін ең қиын соңғы он шақырымдағы асуда өз мүмкіндігін пайдаланбай, маған қолдау көрсетті. Томас пен Порт сияқты чемпиондар болған біздің топтың құрамына қарап, мен үшін бұл өте қиын болғанын түсінемін. Соған қарамастан мен барымды салдым. Нәтижесінде шабандоздарды қуып жету үшін маған жиырма секундтан астам уақыт қана жетпей қалды. Ертең бізде финалдық кезең болады. Мен жалпы есепте ең жоғары орынға таласу үшін 100% барымды саламын. Жарысты жеңіс тұғырында аяқтау мен үшін және команда үшін де үлкен жетістік болар еді. Сондықтан мен барымды саламын. Қалай болғанда да, бұл жарыстың мен үшін осылай өтіп жатқанына қуаныштымын. Аяқтарым өте жақсы жұмыс жасауда және бұл «Тур де Франс» алдында жақсы белгі», – деді Алексей Луценко.

17 шақырымдық Ла Плань асуында аяқталған «Критериум дю Дофиненің» жетінші таулы кезеңі шабуылдармен басталып, нәтижесінде үлкен топ бөлініп шықты. Astana – Premier Tech жарысты дереу бақылауға алып, пелотонды бастап, көшбасшылардың соңына түсті. Нәтижесінде, соңғы таудың етегінде бірнеше шабандоз ғана қалды. Олардың басымдылығы бір жарым минуттан аспады және біраз уақыттан соң кейінгі топ оларды қуып жетті.

Шыңға шамамен 7 шақырым қалғанда негізгі топтың шабуылдары басталды. Оған Алексей Луценко мен Йон Исагирре ұзақ уақыт бойы ілесіп отырды.

Аустралиялық Ричи Порт және тағы бірнеше шабандоз шабуылға шыққан кезде, Исагирре мен Луценко уақыт айырмашылығын азайтып, сары жейдені сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Нәтижесінде Порт 26 секунд бұрын кезеңді аяқтады және осы уақыт пен бонустық секундтар оған жалпы есепте көшбасшылықты жеңіп алу үшін жеткілікті болды.

Алексей Луценко жаңа көшбасшыдан 17 секунд уақыт айырмашылығымен, жалпы есепте екінші орынға ие болып, бүгінгі кезеңде мәреге оныншы болып келді. Ал 38 секунд уақыт айырмашылығымен Йон Исагирре кезең қорытындысы бойынша жалпы есепте 7-орында келеді.

Кеш шабуылға шыққан украиналық шабандоз Марк Падун кезең жеңімпазы болды.

Ертең «Критериум дю Дофиненің» соңғы, 7-кезеңі өтеді. 147 шақырымдық жарыс жолында бес категориялық асу бар.

Критериум дю Дофине, 7-кезең. Сен-Мартен-ле-Вину – Ла Плань, 171.1 шақырым.

Кезеңнің үздік үштігі: 1. Марк Падун (Bahrain Victorious); 2. Ричи Порт (INEOS Grenadiers); 3. Мигель Анхель Лопес (Movistar Team)

Astana – Premier Кезеңнің үздік үштігі: 10. Алексей Луценко; 16. Йон Исагирре; 66. Оскар Родригес.

Photo credit: @Getty Images