Back To Top

Мартин Лаас «Сакарья турының» үшінші кезеңінде жеңіске жетті

Astana Qazaqstan Team шабандозы Мартин Лаас Түркияда өткен «Сакарья туры» көпкүндігінің үшінші кезеңінде жеңімпаз атанды.

Түркиялық көпкүндікте Astana Qazaqstan Development Team атынан өнер көрсеткен Лаас жаппай спринтте қарсыластарын басып озып, клубтың жастар дивизионына алғашқы жеңісін әкелді.

«Жалпы, бүгін бәрі дәл кезең алдында жоспарланғандай өтті. Біз биік асулардың көп емес екенін білдік. Сондықтан мәре сызығында спринтке дайындалдық. Финалға дейін мүмкіндігінше энергия үнемдеуге тырыстық және көшбасшыларды алысқа жібермедік. Алғашқы 30 шақырымнан кейін көш басында бір ғана шабандоз қалды. Біз барлығын бақылап отырдық. Жарыс жолы бірқалыпты болған жоқ. Бірде асуға көтеріліп, бірде құлдимен төмен жүріп отырдық. Сондықтан біз алға озған шабандоздарды тез қуып жеттік. Соңғы 15 шақырымда пелотон қайта белсенді болды. Жарыс аса қиын болған жоқ және шабандоздардың барлығы сергек болды. Нәтижесінде соңғы асуда шабуылдар толастамады. Дегенмен  командаластарым тамаша жұмыс жасады. Олар барлық шабуылдарға тосқауыл қойып, мәреге дейін жоғары қарқынды сақтап қалды», – деді Мартин Лаас мәреден кейін.

 

«Мәреге 10 шақырым қалғанда барлық шабуылдар толастады. Жылдамдық өте жоғары болғандықтан шабуылдар болған жоқ. Соңғы 3 шақырым біраз қарбалас өтті. Бірақ біз жақсы позицияны сақтап қалдық. Соңғы 500 метрде оңға бұрылыс болды. Онда шабандоздардың бірі шабуылға шықты. Мен оны қуып жетіп, мәреге 300 метр қалғанда спринтті бастадым. Айта кету керек, соңғы 500 метрдегі биік асуға жеткенде қарсы беттен жел соқты. Сондықтан бұл мәре оңайға соқпады. Соңында бәрі жақсы аяқталды. Спринтте жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бүгін өзімді өте жақсы сезіндім және команда мен үшін тамаша жұмыс жасады. Әріптестерімнің барлығына алғыс айтқым келеді», – деп қоса кетті Мартин Лаас.