Back To Top

Нұрберген Нұрлыхасым – Astana Qazaqstan Team командасының жаңа шабандозы

23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында топтық сайыс бойынша қазіргі Қазақстан чемпионы Нұрберген Нұрлыхасым 2022 жылдан бастап Astana Qazaqstan Team сапында өнер көрсетеді. Қазақстандық командамен жасалған Нұрбергеннің алғашқы келісім-шарты екі маусымға арналған.

«Спорттық мансабымда алға үлкен қадам жасағаныма өте қуаныштымын және біраз толқып тұрмын. Әлемдік турға Astana Qazaqstan Team командасымен бару – бұл орындалатын арман. Жастар арасында маусымды жақсы өткіздім. Бірақ Әлемдік турда мүлде басқа деңгей, басқа дайындық, басқа мақсаттар екенін жақсы түсінемін. Осындай мүмкіндік берген Александр Винокуровқа алғыс білдіремін және маған артылған сенімді ақтау үшін бар күшімді салуға тырысамын. Сонымен қатар, алғашқы бапкерім Вячеслав Непомнящихке және Александр Шушемоин басқаратын Vino – Astana Motors командасының бапкерлер штабына алғыс айтқым келеді. Ойымның бәрі жаңа маусымда. Маусымды бала кезімнен жанкүйерлік ететін шабандоздардың қасында, ең үздік командада бастауға дайындалып жатырмын. Мансабымның жаңа тарауы басталады. Бірінші оқу-жаттығу жиынында командамен кездесуді асыға күтемін», – деді Нұрберген Нұрлыхасым.

21 жастағы Нұрберген Нұрлыхасым еуропалық беделді жарыстарда жасөспірімдер және жастар деңгейінде айтарлықтай тәжірибе жинақтап үлгерді. Сонымен, Нұрлыхасымның жасөспірімдер мен жастар арасындағы (23 жасқа дейінгі) әлем чемпионатында, жастар арасындағы «Джиро д’Италияда» және беделді  «Тур де л’Авенир» веложарысында өнер көрсетті.

Биылғы маусымда Нұрберген Қазақстан чемпионатының топтық жарысында сенімді жеңіске жетті. Сондай-ақ, шабандоз жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, «Балтик-Карконоше туры» (2019) велододасының кезеңдерінің бірінде 4-нәтиже, «Тур де ДМЗ» жарысында (2017 ж.) жалпы есепте 9-нәтиже көрсетті.

«Осы жазда Нұрберген Қазақстан чемпионатындағы сенімді жеңісімен барлығын таң қалдырды. Сонымен қатар ол «Тур де л’Авенирде» және таяуда «классикалық» тас жолда өткен әлем чемпионатында да лайықты өнер көрсетті. Біз бұл шабандоздың болашағынан зор үміт күттіретінін көріп отырмыз. Ол Әлемдік тур деңгейінде бағын сынап көруге лайықты. Жаңа тәжірибе жинақтау үшін көп жұмыс істеу керек. Бірақ, шабандоздың ынтасы мен мақсатына қарағанда, ол табысқа жете алады. Жаңа маусым алдында алдына биік мақсаттар қоятын мықты, өршіл команда жинақталды. Нұрлыхасым бұл құрамға лайықты деп ойлаймын», – деді Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері Александр Винокуров.

 

«Нұрберген – болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы, 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында өткен топтық жарыста Қазақстан чемпионы. Биыл ол бірнеше жақсы нәтижелер көрсетіп қана қоймай, мақсат биік спортшы ретінде көрсетті. Әрине, Әлемдік тур – бұл басқа деңгей. Оның үйренері көп. Бірақ, менің ойымша, бұл оған жақсы кәсіби велошабандоз болып өсу үшін жаңа мақсаттарға жетуге, дұрыс дамуға мүмкіндік береді. Нұрлыхасымның Әлемдік турға ауысуы – Қазақстанның велоспорт федерациясы мен біздің басты велокоманда Astana Qazaqstan Team арасындағы жемісті ынтымақтастықтың тағы бір жарқын мысалы. Біз жаңа жас таланттарды іздеу және олардың дамуы жолында барлық жағдай жасау үшін жұмысты жалғастырамыз», – деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.