Back To Top

Омар Фраиле топтық жарыста Испания чемпионы атанды

Омар Фраиле Испания чемпионатының топтық жарысында жарқын жеңіске қол жеткізді. Осыдан екі күн бұрын Йон Исагирре жекелей уақытқа арналған жарыста жеңіске жеткеннен кейін осы елдің ұлттық чемпионатындағы «Astana – Premier Tech-тің» басымдығын одан әрі арттырды. Финиш алдында жойқын шабуылға шыққан Фраиле шағын көшбасшылар тобынан спринтте жеңіске жетіп, алғаш рет алтын медаль мен Испания чемпионының жейдесіне ие болды. Astana – Premier Tech командасының тағы бір шабандозы Алекс Аранбуру қола медаль жеңіп алды.

Омар Фраиле өзінің жетістігімен бұрын Луис Леон Санчес киген Испания чемпионыныңжейдесін Astana – Premier Tech командасында қалдырды.

«Жеңістің белгісі ретінде қолымды тағы да жоғары көтеру керемет болды. Мәре сызығын кесіп өткенде, мен бұған сене алмадым. Мұндай сезімде болмағалы көп уақыт өтті. Сене алар емеспін. Өте қуаныштымын! Бұл тас жолда өткізген өте ауыр күн болды. Біз көшбасшылар алысқа ұзап кетпеу үшін Cofidis командасымен бірге жарысты бақылауда ұстауға тырыстық. Финал көптеген шабуылдармен тартысты өтті. Әрқайсымыз бағымызды сынап көруге тырыстық. Бірақ соңында біз Алекс Аранбуруды спринтке дайындау ең жақсы нұсқа болады деп шештік. Алайда сәті келгенде мен одан  сәл мықтырақ болып, жеңіске жеттім. Бұл 100% командалық жарыс және командалық жетістік. Өйткені алтауымыз бір-бірімізге көмектесіп, бір команда болып жұмыс істедік. Сондықтан, мен бүгінгі күш-жігері үшін командаластарға, біздің қызметкерлерге де алғыс білдіргім келеді. Енді «Тур де Франсқа» керемет мотивациямен және сенімділікпен барамын», – деді Омар Фраиле.

Хавьер Ромо мен Оскар Родригестің көмегімен көшбасшыларды қуып жетуге көмектесіп, Astana – Premier Tech сайыс басталған сәттен бастап жарысты бақылауға алды. Шамамен мәреге дейін 40 шақырым, пелотоннан фавориттердің шағын тобы ғана қалған кезде, Йон Исагирре шабуылдады. Ал одан кейін Омар Фрейле мен Луис Леон Санчес шабуылда өз күштерін сынап көрді.

Astana – Premier Tech шабандоздарының, сондай-ақ қарсыластарының шабуылдарына қарамастан, топ мәреге 12 шақырым қалғанда қайта бірікті. Қазақстандық-канадалық команданың шабандоздарды Алекс Аранбуруды спринтке дайындау үшін көш бастап, жылдамдықтарын арттырып, топты алға шығарды.

Алдымен Йон Исагирре, содан кейін Луис Леон Санчес топты жарыс жолының соңғы 500 метріне дейін жеткізді. Сол сәтте Омар Фраиле көш бастады. Ол Аранбуруды спринтке жеткізді. Бірақ Алекс те, оның қарсыластары да досының қарқынын ұстай алмады. Нәтижесінде Фраиле бірінші, Хесус Эрнандес екінші орынды иеленді. Ал Алекс Аранбуру үздік үштік қатарын толықтырды.

Испания Чемпионаты, топтық жарыс, 183.4 шаырым. Ла Нусия.

Үздік үштік: 1. Омар Фраиле (Astana – Premier Tech); 2. Хесус Эрнандес (Cofidis, Solutions Credits); 3. Алекс Аранбуру (Astana – Premier Tech).

Photo credit: @RFECiclismo