Back To Top

Омлууп Хет Ньюзблад Элит. Алекс Аранбуру мәреге 6-болып келді, Евгений Федоров көшбасшы топта бағын сынап көрді

Алекс Аранбуру «көктемгі классикалық жарыстар маусымының» алғашқы велододасы – беделді классикалық «Омлууп Хет Ньюзблад» жарысының финалында спринтте 6-орынға иеболып, бабының тамаша екенін көрсетті. Сондай-ақ, командаға жаңадан келген жас қазақстандық шабандоз Евгений Федоров жарыс жолының жартысын көшбасшы топта өткізіп, өзін жақсы қырынан танытты.

«Бұл жүйке жұқартарлық жарыс болды. Бүгінгідей «классикалық» сайыстарда барлығы да қобалжиды. Позиция үшін күрес өте маңызды. Менің ойымша, жарыс жақсы өтті. Спринтте барынша жоғарғы нәтиже көрсетуге тырыстық. Тастақты жолдар мен асуларды жақсы жүріп өту үшін жарыс жолының әр шақырымында алдыңғы қатарда болуға талпындық. Кезеңнің соңында Горкамен бірге біз бірінші топта болдық. Содан кейін ол маған алдыңғы қатарда позицияны дұрыс таңдауда көп көмектесті. Спринтте мен шабандоздар арасында қалып қойдым. Бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, 100% барымды салдым. Маусымды екі апта бұрын «Прованс турынан» бастадым. Онда мен кезеңдердің бірінде үшінші орын иелендім. Ал бүгін «классикалық» жарыста мәреге алтыншы болып келдім. Бұл нәтижелерге көңілім толады. Өйткені бұл биылғы маусымның алғашқы жарысы. Бұдан кейін де велододаларды осындай рухпен одан әрі жалғастырғым келеді. Ертеңгі «Кюрне-Брюссель-Кюрнеден» басталатын барлық жаңа жарыстарда бабымның одан әрі жақсарғанын қалаймын», – деді Алекс Аранбуру.

Бельгиялық классикалық жарыстарда жас шабандоз Евгений Федоров тамаша дебют жасады. Төрт шабандозбен бірге қазақстандық спортшы көшбасшы топта болды. Бұл топ тастақты жолдың алғашқы бөлігіне жеткенге дейін пелотоннан 9 минуттай басымдылыққа ие болды. Жарыс жолының алғашқы бөлігін жүріп өткеннен кейін пелотон жылдамдығын арттыра бастады және финишке 50 шақырым қалғанда көшбасшылардың басымдылығын 1 минутқа дейін қысқартты.

Молленберг асуында шабандоздардың шабуылынан кейін Федоровтың тобын пелотон финишке 40 шақырым қалғанда қуып жетті. 

«Тастақты жолда өткен классикалық жарыстардағы алғашқы тәжірибем болды. Мен үшін оңай сабақ болған жоқ. Бірақ жарыс жолын жүріп өткеніме қуаныштымын. Маған ұнады. Менде көшбасшы топқа қосылу жоспары бар еді. Жарыс басталысымен алдыңғы қатарда болып, алға озуға тырыстым. Шамамен 8-10 шақырымнан кейін үш рет шабуылға шығып, төрт шабандозбен бірге алға оздық. Өз тобымызда жақсы жұмыс істедік. Бірақ пелотон бізді қуып жеткенде менің күшім сарпылды. Соған қарамастан жарыс күні жақы өтті», – деді Евгений Федоров.

Толассыз шабуылдарға қарамастан пелотон соңғы Муур ван Гераардсберген асуында қайта жиналды.

Нәтижесінде кезең тағдыры спринтте шешіліп, италиялық Давиде Баллерини жеңімпаз атанды.

«Бүгінгі көрсеткен нәтижемізге өте ризамын. Алтыншы орын – бұл Алекс Аранбуру үшін керемет нәтиже. Біз оны бүгін мықты болады деп ойладық және біздің жолымыз болды. Финалда барлығы қайта жиналып, біз спринтке қатыса алдық. Дебютке қарамастан, Горка Исагирре велододаны айтарлықтай жақсы өткізіп, Алекске тамаша қолдау көрсетті. Сондай-ақ, көшбасшы топта болған Евгений Федоровтың мықты екенін көрдік. Біз оның өнеріне тәнтіміз. Жарыс басталар алдында біз оған көшбасшы топқа қосылу керек екендігін айттық. Ол барлығын да біз айтқандай жасады. Бұл оңай болған жоқ. Алекс Аранбуру бүгін көп күш жұмсады. Бірақ ертеңгі жарыста бізді не күтіп тұрғанын көреміз. Сонымен қатар, ертеңгі жарысқа бізге демалыстан келген Артем Захаров қосылады», – деді спорт директоры Стефано Занини.

Омлууп Хет Ньюзблад Элит. Гент – Нинове, 200.5 шақырым

Үздік үштік: 1. Давиде Баллерини (DeceuninckQuickStep); 2. Джейк Стюарт (GroupamaFDJ); 3. Сеп Ванмарке (Israel StartUp Nation).

Astana – Premier Tech Үздік үштік: 6. Алекс Аранбуру; 42. Горка Исагирре; 99. Бенжамин Перри.