Back To Top

Себастьян Энао мен Леонардо Бассо Astana Qazaqstan Team командасына ауысады

Колумбиялық шабандоз Себастьян Энао (28 жаста) мен италиялық Леонардо Бассо (27 жаста) келесі маусымда «Astana Qazaqstan Team» сапында өнер көрсетеді. Энаомен келісім-шарт бір маусымға (2022), ал Бассомен келісім-шарт екі жылға (2022 және 2023) жасалған.

Себастьян Энао 2014 жылы Колумбияның жарыс күнтізбесінде өткен жарыстарда бірқатар тамаша нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін кәсіби деңгейге ауысты. Дүниежүзілік турға қатысқан сегіз жыл ішінде Энао өзін мықты және сенімді командалық шабандоз ретіндекөрсетті. Әсіресе ол «Джиро д’Италияда» мол тәжірибе жинақтаған (сегіз жыл ішінде шабандоз «Джироға» бес рет қатысқан және оның жалпы есептегі ең жақсы нәтижесі 17-орын болды).

Энаоның маңызды жетістіктерінің бірі «Лангкави турында» жалпы есепте үшінші орын (2015 ж.) иеленуі, сондай-ақ  «Халықаралық Коппи-Бартали апталығында» бесінші орын (2016 ж.), «Норвегияның Арктикалық жарысында» (2016 ж.) алтыншы орын және «Бургос Вуэльтасы» (2018) мен «Вольта Алгарве» (2021) жарыстарында жалпы есепте сегізінші орын иеленген.

«Шынымды айтсам, «Астана» командасына ауысқаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін жаңа қадам. Кәсіби шабандоз ретінде дамуды жалғастыру үшін қажет жаңа бастама. Александр Винокуровқа «Астана» командасының шабандозы болу мүмкіндігін сыйлағаны үшін алғыс айтқым келеді. Командамен, жаңа достарыммен жаңа жейдені киіп көру мүмкіндігі болатын сәтті асыға күтемін. «Астана» – бұл маған сәйкес келетін команда деп ойлаймын, Ал мен ең жақсы нәтижеге бірге жету үшін барымды салуға дайынмын», – деді Себастьян Энао.

Леонардо Бассо Әлемдік турға 2018 жылы келді. Ол өзінің негізгі мамандығы ретінде классикалық және бір күндік жарыстарды таңдап алды. Кәсіби мансабының төрт жылында Бассо бір күндік 60 жарысқа қатысты. Шабандоздың ең жақсы нәтижесі – «Коппа Бернокки» жарысында бесінші орын, «Гран Премио Бруно Бегеллиде» жетінші, «Трофео Пальма» және «Трофео Кампос» жарыстарында тоғызыншы орын иеленді.

«Келесі маусымда «Astana Qazaqstan Team» командасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл Әлемдік турдағы ең үлкен командалардың бірі. Оның ұзақ әрі даңқты тарихында көптеген чемпиондар «Астана» жейдесін киген. Сонымен, келесі екі жыл бойы осы команда қатарында болатыныма өте қуаныштымын. Маған сенім артқаны үшін Александр Винокуровқа алғысымды айтамын және сенімді ақтауға тырысамын. Командаға негізгі мақсаттарына жетуіне көмектесу үшін бар күшімді саламын. Келесі маусымда жеңіске жету үшін көшбасшыларға көмектесуге дайынмын», – деді Леонардо Бассо.

 

 «Гранд-турлар мен классикалық жарыстарда командамызды күшейткіміз келеді және бұл екі шабандоз бізге қажет деп ойлаймын. Біз Себастьян Энаоны суперкөпкүндіктер мен көпкүндік жарыстарда өте тәжірибелі жақсы көмекші ретінде білеміз. Сондықтан ол команданың көшбасшылары үшін маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, Леонардо Бассо бірнеше жыл ішінде Солтүстік классикалық жарыстарда жақсы тәжірибе жинады. Ал біз осы бағыттағы нәтижелерімізді жақсартуға тырысамыз. Мен Себастьян мен Леонардоның «Astana Qazaqstan Team-ге» келгеніне қуаныштымын және жаңа маусымға дайындық жасау үшін олармен кездесуді асыға күтемін», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @Gettysport