Back To Top

Тур де Франс. 8-кезең. Йон Исагирре алғашқы таулы кезеңде 2-орынға ие болды

Йон Исагирре «Тур де Франстың» алғашқы таулы кезеңінде екінші орынға ие болды. Толассыз жауған жаңбырлы күні өткен сегізінші кезеңнің соңғы метрлеріне дейін күресіп, Astana – Premier Tech шабандозы таулы аймақтағы асуларда және қауіпті құлдиларда өзін тамаша қырынан көрсетті. Кезеңнің аяқталуына бірнеше шақырым қалғанда Исагирре екі қарсыласы Тадей Погачар мен Майкл Вудсты басып озды. Бірақ көшбасшы Дилан Тёнсты қуып жете алмады. Нәтижесінде Тёнс кезең жеңімпазы атанды. Ал өз тобында спринтте жеңіске жеткен Йон Исагирре екінші орынға ие болды.

«Бұл өте қиын күн болды. Мен соңғы тауда бар күшімді салып, көшбасшылардың ізіне түстім. Бірақ қуып жете алмадым. Содан кейін Погачар мені басып озды. Қалай болғанда да Тёнс өзін ең мықты шабандоз ретінде көрсетті. Өкінішке орай, мен қателік жібердім. Бұл нәтижеге әсер етті деп ойлаймын. Асулардың бірінде мен күртешемді алдым. Сол себепті бірінші топпен байланысымды үздім. Содан кейін оларды қуып жету үшін маған көп күш жұмсауға тура келді. Жеңісті уысымнан шығарып алғаныма біраз ренжулімін. Бірақ бабыма көңілім толады. Бүгін жеңіске жете алмауым мені одан әрі жігерлендіреді. Қалай болғанда да кезеңнің күрделілігі мен ауа райы жағдайын ескере отырып, бүгін көрсеткен нәтижеме көңілім толады», – деді Йон Исагирре.

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко кезеңді тамаша өткізіп, нәтижесінде ол «Тур де Франстың» бас классификациясында үшінші орынға көтерілді. Луценко командаласы Омар Фраиленің қолдауының арқасында фавориттер тобында соңғы минутқа дейін өзін сенімді ұстады. Финиште Луценко кезең жеңімпазына 4 минут 9 секунд ұтылып, 11-орынға тұрақтады. Бұл нәтиже қазақстандық шабандозға жалпы есепте үшінші орынға көтерілуіне көмектесті. Луценко қазіргі таңда жаңа көшбасшы Тадей Погачардан 4 минут 38 секундқа қалып келеді.

Өкінішке орай, соңғы 40 шақырымда Стефан Де Бод қақтығысқа тап болды. Дегенмен ол ауыр жарақат алған жоқ және жарысты одан әрі жалғастырды.

Тур де Франс, 8-кезең, 150.8 шақырым. Ойонна – Ле-Гран-Борнан.

Үздік үштік: 1. Дилан Тёнс (Bahrain Victorious); 2. Йон Исагирре (Astana – Premier Tech); 3. Майкл Вудс (Israel Start-Up Nation).

Astana – Premier Tech Үздік үштік: 2. Йон Исагирре; 11. Алексей Луценко; 29. Якоб Фульсанг.

Photo credit: @Getty Images