Back To Top

Уго Уль «Фландрия турын» көшбасшы топта керемет өткізді

Канадалық велошабандоз Уго Уль монументалды классикалық «Фландрия турында» 150 шақырымнан астам жолды жүріп өтіп, жарыс күнін керемет өткізді.

Сайыс басталғаннан кейін бірден шабуылдар басталды. Шабандоздар тобының бірі тіпті 40 секундтай алға озып кетті. Бірақ, тартысты бәсеке мұнымен аяқталған жоқ. Astana – PremierTech капитаны Уго Уль бастаған тағы бірнеше адам көшбасшылар тобына ауысуға тырысып,оларды қуып жетуге асықты. Нәтижесінде Уль жеті шабандоздың қатарына барып қосылды. Біртіндеп көшбасшылар тобы негізгі топтан 11 минуттай басымдылыққа ие болды. Уго Уль және оның командаластары өте жақсы жұмыс жасады. Сондықтан жарыстың фавориттері Коппенберг шыңына көтерілгенде, мәреге 45 шақырым қалғанда ғана алға озды.

Жарыстағы басты оқиға финишке 50 шақырым қалғанда өрби бастады. Пелотонда іріктеу өтіп, фавориттер тобы құрылды. Жарыс жолының соңғы бөлігінде бірнеше рет шабандоздар құлады. Қуанышқа орай, Astana -Premier Tech шабандоздарының ешқайсысы жарақат алған жоқ. Бенжамин Перри мен Дмитрий Груздев соңына дейін күресіп, велододаны жақсы өткізді. Олар қуғыншылар тобының бірінде қалуға тырысты.

Велододаның соңына қарай фавориттер тобынан үшеуі шабуылдады: Каспер Асгрен, Матье ван дер Пул және Ваут Ван Арт. Кейіннен алғашқы екі шабандоз қарсы шабуылға шығып, жеңіс Асгренге бұйырды. Сәл кейінірек шабуылдаған Грег ван Авермат үшінші орынды иеленді. Бенджамин Перри, Уго Уль және Дмитрий Груздевтер жеңімпаздан 9 минуттан кейін қуғыншылардың үлкен тобымен бірге мәреге жетті. Сәл кейінірек, Артем Захаров та жарысты аяқтады.

«Шынымды айтсам, мен көшбасшы топта боламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ біздің команданың жоспары бір шабандозды алдыңғы қатарға шығару болатын. Бес шабандоз көш бастады. Мен 20-шы шақырымға қарай тар жолдарда оларға ауысуға әлі де мүмкіндік бар екенін түсіндім. Бағымды сынап көрдім. Басқа шабандозбен бірге көшбасшы топты қуып жеттік. Алдағы шабандоздар бізді біраз күтті. Сондықтан біз оларға барып қосылдық.Тез арада 10 минуттан астам басымдылыққа ие болдық. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Өйткені «Фландрия турында» әрдайым мұндай басымдылыққа қол жеткізе алмайсың. Фавориттер бізге жарысты ұзақ уақыт бақылауда ұстауға мүмкіндік берді және мен бұл сайысты алдыңғы қатарда өткізгеніме қуаныштымын. Мен әлі күнге дейін бабымда емеспін. Бірақ команда үшін өзімді көрсеткім келді. Классикалық жарыстарда өте жақсы жұмыс жасаған команда қызметкерлеріне алғыс айтамын. Өкінішке орай, нәтижеміз біз күткендей болмады. Бірақ «Фландрия турының» басым бөлігінде алдыңғы қатарда болып, команда намысын қорғау өте тамаша. Суық тигеннен кейін қайта қалыпқа келу оңай болмады. Бірақ мен біртіндеп бабыма келе жатырмын. Бүгін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Енді біраз демалуға лайықпын деп ойлаймын», – деді Уго Уль.

Фландрия туры, 254.3 шақырым

Жарыстың үздік үштігі : 1. Каспер Асгрен (Deceuninck-Quick Step); 2. Матье ван дер Пул (Aplecin-Fenix); 3. Грег Ван Авермат (AG2R Citroen Team).

Astana – Premier Tech Үздік үштік: 70. Бенжамин Перри; 79. Уго Уль; 81. Дмитрий Груздев.

Photo credit: @Getty Images