Back To Top

Якоб Фульсангтың бұғанағына жасалған операция сәтті өтті

«Бенилюкс турының» алғашқы кезеңінде құлап, жарақат алған Якоб Фульсангтың сол жақ бұғанағына жасалған операция сәтті өтті.

««Бенилюкс турының» бірінші кезеңінде жарыс жолының алғашқы бөлігінде құлағаннан кейін Якоб Фульсанг велододаны аяқтауға мәжбүр болды. Шабандоз ауруханаға жеткізіліп, тексеру барысында сол жақ бұғана сүйегі, сонымен қатар көптеген жарақат алғаны белгілі болды. Емдеу жоспары жасалғаннан кейін, сынық орнын қалпына келтіру үшін ота жасау туралы шешім қабылданып, кеше Бельгиядағы Херенталс ауруханасында ота сәтті өтті. Маусымның аяқталуына бар-жоғы алты апта уақыт қалғанын ескере отырып, өкінішке орай, Якоб маусымды мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр. Өйткені ол «Ломбардия турына» дейін уақытында сауығып кете алмайды», – деп түсіндірді Astana – Premier Tech командасының дәрігері Андрей Михайлов.

Жарақат алып, маусымды мерзімінен бұрын аяқтағанына көңілі қалғанына қарамастан, Фульсанг тез және толық қалпына келуді мақсат етіп отыр.

«Менің көңілім қалды. Бұл маусым мен үшін сәтті болмады. Бірақ Олимпиададан кейін маусымның соңғы бөлігінде бабымды сақтап қалу үшін көп жұмыс жасадым. Ал «Ломбардия туры» менің басты мақсатым болатын. Енді мен үшін маусымның аяқталғанына сенімдімін. Мұны қабылдау оңай емес. Бірақ қабылдауға мәжбүрмін. Қазірден бастап сауыға бастадым. Бельгияда операцияны өте жылдам ұйымдастырған біздің дәрігерлер тобына алғыс айтқым келеді», – деді Якоб Фульсанг.

Photo credit: @Gettysport