Back To Top

Astana ¬– Premier Tech «Тур де Франс-2021» веложарысының кезеңінде жеңіске жетуді көздейді

Осы сенбіде, 26 маусым күні басталатын «Тур де Франстағы» Astana – Premier Tech командасының басты мақсаты жекелеген кезеңдердегі жеңіс үшін сынға  түсу.

Қазақстандық-канадалық командасының құрамына тәжірибелі шабандоздар да, «Үлкен күрмеу» кезеңдерінің және монументалды классикалық жарыстардың жеңімпаздары да, осы «Тур де Франс» өз мансабында алғашқы  велодода болатын дебютанттар да бар.  

«Биыл «Тур де Франста» біз жеке кезеңдерге назар аударамыз. Қазірдің өзінде кезең жеңімпаздары бар Алексей Луценко, Йон Исагирре және Испанияның жаңа чемпионы Омар Фраиле бар мықты және жігерлі топты алып келеміз. Сонымен қатар, бізде екі монументалды классикалық жарыстың жеңімпазы Якоб Фуглсанг, тәжірибелі Дмитрий Груздев, көшбасшы маман Уго Уль және екі дебютант – Алекс Аранбуру мен Стефан Де Бод бар. Команда өте мықты және біз жігіттерге кезеңдерде жеңіс үшін күресуге еркіндік беруді жоспарлап отырмыз. Гранд-турда, әсіресе «Тур де Франста» жеңіске жету оңай шаруа емес. Бірақ мен былтырғыдай жетістікке жететінімізге сенімдімін және Astana – Premier Tech жейдесі алда бірнеше рет жарқырайтын болады», – деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Тур де Франс, 26 маусым– 18 шілде, Брест – Париж.

Команда құрамы: Алекс Аранбуру (Испания), Стефан Де Бод (ОАР), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Алексей Луценко (Қазақстан), Йон Исагирре (Испания), Омар Фраиле (Испания), Якоб Фульсанг (Дания), Уго Уль (Канада).

Спорт директорлар: Дмитрий Фофонов (Қазақстан), Стив Бауэр (Канада), Стефано Занини (Италия).

Алекс Аранбуру:

«Мен «Тур де Франсқа» алғаш рет қатысатыныма өте қуаныштымын және мұны мақтан тұтамын. Менің ойымша, кез-келген шабандоз «Турға» ең болмағанда бір рет қатысумен қатар әрине, кезеңде жеңіске жетуді армандайды. Кезеңдердің бірінде жеңіске жетсем өте жақсы болар еді. Бірақ жарыс күн сайын қалай өрбиінін көре жатармыз. Жарыс жолына өте мықты шабандоздар шығады. Сондықтан көре жатармыз. Мен ең жақсы нәтиже көрсету үшін барымды саламын. Бірақ, ең алдымен, мен Турды толықтай жүріп өтіп, баға жетпес тәжірибе жинап, жарысты Парижде аяқтағым келеді».

Стефан Де Бод:

«Мен Тур де Франста өте мықты және тәжірибелі құраммен дебют жасау мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын және сол сенімді ақтау үшін барымды саламын. Команданың кезеңдерде жеңіске жетуді көздеп отырғаны мені жігерлендіреді. «Швейцария турында» жарыс аптасын жақсы өткіздік. Онда мен өзімді жақсы сезіндім. Сондықтан «Тур де Франста» бабымда боламын деп үміттенемін. Бұл жарыс әр шабандоздың арманы және мен «Турда» өткен әр күнімнен, тіпті қиын сәттерді бастан өткерсем де рахат алатын боламын.

Омар Фраиле:

«Мен «Тур де Франстың» басталуын асыға күтемін. Әсіресе кешегі оқиғадан кейін. Менің кешегі күнге дейінгі соңғы жеңісім – бұл 2018-жылғы «Тур де Франстағы» жетістігім болатын. Сондықтан Испания чемпионатында жеңіске жету мені ерекше жігерлендіріп, «Тур» басталар алдында сенімділік сыйлады. Әрине, Испания чемпионының жейдесінде кезеңді жеңіп алсам тамаша болар еді. Бірақ жағдайдың қалай өрбитінін көреміз. Өзімді жақсы сезінемін. Сондықтан жетістікке жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамын».

Якоб Фульсанг:

«Өзімді өте жақсы сезінемін. Бірақ мен «Тур де Франсты» Олимпиада ойындарына соңғы дайындық ретінде пайдаланғым келеді. Сондықтан жалпы есеп үшін күреске басты назар аудармаймын. Қалай болғанда да, күн сайын жарыс жолымен жүремін. Өйткені Гранд-турдың әрбір күні маңызды. Кейде қарапайым болып көрінетін күн жарыста жеңіске жетіп немесе ұтылуға болатын ең қиын әрі қауіпті күн болуы мүмкін. Болжау мүмкін емес. Кейбір кезеңдерде жеңіске жету үшін бар күшімді 200% салуға тырысамын. Ал қалған күндері, мысалы, жазық аймақта өтетін кезеңдерде мен тәуекелге бармай, алдыңғы позиция үшін күресуге көп күш жұмсамаймын. Себебі басты мақсат Токио».

Дмитрий Груздев:

«Мен командаммен тағы бір «Тур де Франсқа» дайындалып жатырмын. Өзімді өте жақсы сезінемін. «Критериум дю Дофинеден» бастап жақсы жаттығу кезеңі болды. Сондықтан мен жарысқа дайынмын. Кезеңдерде жеңіске жетуге көмектесу үшін командаға мүмкіндігінше пайдалы болғым келеді. Менің ойымша, бізде керемет құрам және қолымыздан не келетінін көрсетуге көптеген мүмкіндіктер бар.

Уго Уль:

«Мен тағы бір мәрте «Тур де Франста» Astana – Premier Tech командасының мүшесі болғаныма өте қуаныштымын және мақтан тұтамын. Маусымның басты жарысына қатысу оңай емес. Сондықтан мен осында тағы келгеніме өте қуаныштымын. Биыл мен шабуылдау мүмкіндігіне ие боламын. Өйткені біз жалпы есепке назар аудармаймыз. Менің жеке мақсатым – кезеңді жеңіп, сол жеңісті ағама арнасам. Менің бабым жақсы деп ойлаймын және жарысты Бресттен бастауды асыға күтемін. Алға озып, жеңіс үшін күресуге тырысамын».

Йон Исагирре:

«Тур де Франстағы» мені тоқтатқан былтырғы апаттан кейін өзімді осы жарыста аяқталмаған жұмыстарымды тастап кеткендей сезінемін. Испания чемпионатындағы жеңісімнен кейін мен жеке жарыстарға дайындаламын. Менің ойымша, бізде мықты команда бар және біз өзіміздің дайын екенімізді алдыңғы жарыстарда, сондай-ақ кеше Испания чемпионатында дәлелдедік. Бұл жолы біз жалпы есеп үшін күреспейміз. Бұл кезеңдер үшін күресте бізге көп еркіндік береді. 2016 жылғы жеңісіме тағы бір «Тур де Франс» жетістіктерін қоссам жақсы болар еді.

Алексей Луценко:

«Өткен жылдан менде тек жақсы естеліктер қалды. «Тур де Франста» жеңіске жету мен үшін арман болатын. Былтыр сол мақсатыма жеттім. «Тур де Франсқа» «Критериум дю Дофинедегі» жеңістен кейін кеудемді қуаныш кернейді және мұндай жетістігімді қайталасам өте жақсы болар еді. Өзімді жақсы сезінемін, әсіресе «Критериум дю Дофине» кезеңінде жеңіске жеткеннен кейін, жаңа жетістікке қол жеткіземін деп ойлаймын. Әрине, мен Олимпиада ойындарында мүмкіндігінше сәтті өнер көрсету үшін жарыс қорытындысы бойынша өз бабымның тамаша болғанын қалаймын».