Back To Top

Astana – Premier Tech бельгиялық классикалық жарыстарда белсенді өнер көрсетуді көздеп отыр

Astana – Premier Tech командасы жігерлі әрі мықты шабандоздар құрамымен маусымның алғашқы үш классикалық веложарысы – «Оксиклин Классик Брюгге – Де Панне», «Е3 Саксо Банк Классик» және «Гент-Вевельгемге» қатысу үшін Бельгияға қайта оралады.

Қазақстандық-канадалық команда әрбір жарыста белсенді болып, көшбасшы топта өз мүмкіндігін пайдалануға және жарысты он үздіктің қатарында аяқтауға тырысады.

Команда құрамындағы классикалық жарыстардағы ең тәжірибелі шабандоздардың бірі Уго Уль таяуда өтетін велододадаға арналған басты жоспарларымен бөлісті.

«Бельгияға қайта оралғаныма және маусымдағы алғашқы классикалық жарыстарға қатысатыныма қуаныштымын. Бізді өте қарбалас әрі қиын кезең және жүйке жұқартарлық жарыстар күтіп тұр. Соған қарамастан маған «классикалық» жарыстар ұнайды. Велододаның басталуын тағатсыздана күтудемін. «Тиррено-Адриатикодан» кейін бабым жақсы деп ойлаймын. Жақсы демалдым. Сондықтан бәрі ойдағыдай. Ең үлкен классикалық жарыстардың бірінде он үздіктің қатарына іліккім келеді. Бұл ең алдымен мен үшін және команда үшін де үлкен жетістік болар еді. Біз шабуылға шығып, белсенді өнер көрсетуге тырысамыз. Себебі командамыз «классикалық» емес және өзімізді көрсету үшін әрбір мүмкіндігімізді пайдалануымыз қажет», – деді Уго Уль.

 

«Бәлкім біз классикалық жарыстардағы фаворит емеспіз. Бірақ біздің жігіттер Бельгияда өтетін жарыстар алдында жігерленіп отыр. Онда олар баға жетпес тәжірибе жинақтай алады. Сонымен қатар шабуылдар мен көшбасшы топта барынша еркіндікке ие бола алады. Командада Уго Уль және Дмитрий Груздев сияқты тәжірибелі шабандоздармен қатар өз-өздерін көрсетуге тырысатын жас шабандоздар да бар. Біздің мақсатымыз велододаның алғашқы бөлігін жақсы көрсеткішпен бастап, әрбір жарысты он үздіктің қатарында аяқтауға тырысамыз. «Омлууп Хет Ньюзблад» пен «Кюрне-Брюссель-Кюрнеде» Евгений Федоров пен Артем Захаров көшбасшы топта керемет жұмыс атқарды. Сондықтан Бельгияда бұл апта жақсы өтеді деп үміттенемін» – деді спорт директоры Стефано Занини.

Команда құрамы: Евгений Федоров (Қазақстан), Евгений Гидич (Қазақстан), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Уго Уль (Канада), Давиде Мартинелли (Италия), Бенжамин Перри (Канада), Артем Захаров (Қазақстан).

Спорт директорлар: Стефано Занини (Италия), Стив Бауэр (Канада), Дмитрий Муравьев (Қазақстан).