Back To Top

Astana – Premier Tech командасының тәжірибелі шабандоздардан жасақталған құрамы «Испания Вуэльтасына» сақадай сай

Сенбі күні биылғы маусымның соңғы Гранд-туры – «Испания Вуэльтасы» үш апталық жарыспен, тарихы 800-жылдық Бургос шіркеуінен басталып, Сантьяго-де-Компостела қаласында орналасқан 950 жылдық шіркеуде, «Әулие Икаовтың жолы» деп аталатын Еуропадағы ең әйгілі қажылық жолында аяқталады. Испаниядағы осы екі ұлы тарихи жердің құрметіне «Вуэльта-2021» веложарысының финалы әдеттегідей Мадридте емес, Галисияда, Сантьяго-де-Компостела қаласында өтеді.

Astana – Premier Tech командасы маусымның соңғы Гранд-турында жалпы есепте де, жекелеген кезеңдерде де жеңіске жетуді көздейтін шабандоздардың мықты құрамымен өнер көрсетеді.

«Джиро д’Италия-2021» велододасының бас классификациясында төртінші нәтиже көрсеткен Александр Власов бұл жарыста команда көшбасшысы болады және жалпы есепте жоғары орындар үшін таласады. Оған Йон мен Горка Исагирре, Луис Леон Санчес, Омар Фраиле, Оскар Родригес, Алекс Аранбуру және Гранд-турдағы дебютін асыға күтіп жүрген қазақстандық жас шабандоз Юрий Натаров көмектеседі. Бұл ретте команда суперкөпкүндіктің белгілі кезеңдерінде жеңіске жетуге тырысады.

«Біз Испанияға мықты құраммен барамыз. Менің ойымша, өзімізді жақсы жағынан көрсетуге мүмкіндік аламыз. Александр Власов біздің көшбасшы болады және ол «Вуэльтадағы» былтырғы нәтижесін жақсартуға бел байлады. Олимпиада ойындары мен қысқа үзілістен кейін оның бабы жақсы. Біздің шабандоздар құрамында алты испаниялық бар. Соныдқтан өз елінде өтетін жарыстың олар үшін қаншалықты маңызды екенін білеміз. Сонымен, Йон, Горка, Луис Леон, Алекс, Омар және Оскар Власовқа шешуші кезеңдерде көмектеседі. Бірақ олар жекелей кезеңдерде де бағын сынап көреді. 24 жасар Юрий Натаров «Вуэльтада», жалпы алғанда Гранд турда дебют жасауға дайындалып жатыр. Менің ойымша, бұл оның алға қадам басуы үшін жақсы мүмкіндік және жарыста жинақтайтын тәжірибесі оның кәсіби шабандоз ретінде дамуына көмектеседі», – деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Испания Вуэльтасы, 14 тамыз – 5 қыркүйек

Команда құрамы: Алекс Аранбуру (Испания), Омар Фраиле (Испания), Йон Исагирре (Испания), Горка Исагирре (Испания), Юрий Натаров (Қазақстан), Оскар Родригес (Испания), Луис Леон Санчес (Испания), Александр Власов (Ресей).

Спорт директорлар: Дмитрий Фофонов (Қазақстан), Бруно Ченьялта (Италия), Дмитрий Муравьев (Қазақстан).