Back To Top

Astana – Premier Tech командасы «Прованс турын» сәтті бастайды деген сенімде

Осы айға жоспарланған алғашқы жарыстардың бірі «Валенсия Вуэльтасы» өтпейтін болғандықтан Astana – Premier Tech өзінің жаңа спорттық киімдеріне нөмірлерді бекітіп, 2021 жылғы маусымды «Прованс Туры» көпкүндік жарысынан бастайтын болды. Сайыс 11-14 ақпан аралығында өтеді.

Француздық жарысқа мықты шабандоздардан тұратын тізімді жасақтай отырып, қазақстандық-канадалық команда маусымды сәтті басталады деп үміттенеді. Команданың негізгі құрамын 2019-жылғы «Прованс турының» жеңімпазы Горка Исагирреге, сондай-ақ Александр Власов пен былтырғы көпкүндіктің екі жүлдегері, жастар және ұпайлық классификация бойынша жарыстың жеңімпазы Алексей Луценколар құрайды.

«2019 жылы жеңімпаз атанғам және бұл жарысты жақсы білемін. Әрине, жаңа жарыс бағыты екі жыл бұрын мен жеңіп алған жарыстан мүлдем өзгеше. Бірақ бұл көпкүндік жарыс маған ұнайды және біздің команда айтарлықтай жетістіктерге жете алады деген ойдамын. Мен маусымның басталуын асыға күтемін және оны «Прованс турынан» бастағаныма қуаныштымын. Біз бұл жарысқа мықты командамен келдік. Мақсатымыз – жеңіске жету. Әріптестерімді қолдауға және оларға жан-жақты көмек көрсетіп, өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын», – деді «Прованс туры 2019» жарысының жеңімпазы Горка Исагирре.

 

«Мен былтыр «Астана» сапында дебют жасап, команда жейдесінде алғашқы жеңісіме жеткен уақыттан өте жақсы естеліктер қалды. Шынымды айтсам, маусымның басында ол уақытта бабымда болам деп ойламаған едім. Бірақ сол кезеңде «Астанаға» жеңіс сыйлағаныма және жеңіс тұғырына шыққаныма өте қуаныштымын. Менің ойымша, биыл жарыс мен үшін сәл өзгеше болады. Өйткені менің басты мақсатым – жарыстың ырғағымен жүріп бабыма келу. Бұл көпкүндікті келесі додаларға дайындық ретінде пайдаланғым келеді. Сонымен қатар, мен осы жарыста маңызды мақсаттарға қол жеткізуді көздейтін командаластарыма көмектесуге дайынмын», деп қоса кетті кезең жеңімпазы, үздік жас шабандоз және «Прованс турының 2020» көпкүндігінің вице-чемпионы атанған Александр Власов.

 

«Командамен бірге алдымен Бенидормдағы, содан кейін Тейдедегі оқу-жаттығу жиынында маусымға жақсы дайындалдық. Былтырғы «Тур де Франстан» кейінгі жарыстарда менде ұзақ үзіліс болды. Бірақ, шын мәнінде, мен өзімді өте жақсы сезінемін және маусымның басында тамаша бабымдамын. Соған қарамастан, жарыстың қалай өрбитінін көре жатармыз. Менің бабым өткен жылдың басындағы деңгеймен бірдей болады деп үміттенемін. Өйткені алға биік мақсаттар қойып отырмыз. Біздің командада жалпы есепте жоғары нәтиже үшін таласуға мүмкіндік бар», деп атап өтті бас классификация бойынша «Прованс туры – 2020» велододасында үшінші орын иеленген Алексей Луценко.

Йон Исагирре, Омар Фрайле, Алекс Аранбуру және Харольд Техаданы қоса есептегенде Astana – Premier Tech құрамы маусымның алғашқы жарысына жақсы жасақталған.

Команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов «Прованс туры» маусымаралық уақытта атқарылған барлық жұмысты бағалаудың, сонымен қатар маусымды жақсы нәтижемен бастаудың жақсы мүмкіндігі деп санайды.

«Біз мұнда мықты құрамды әкелгеніміз сөзсіз. Жарыс бағыты да бізге ыңғайлы. Қаңтардың екінші жартысын және ақпанның бірінші онкүндігін оқу-жаттығу жиындарында да, үйде де қосымша жұмыстар жүргізу үшін тиімді пайдаландық. Сондықтан маусымды бастауға дайынбыз деп ойлаймын. Жігіттер өздерін жақсы сезінеді. Әрине, тамаша нәтижемен бастағанымыз жақсы болар еді. Алайда, басты мақсат – бабымызды сынау және деңгейімізді басқа бәсекелестермен салыстыру. Төрт күнде мүлде басқа жарыс бағытымен жүру мүмкіндігіне ие боламыз. Шабандоздар асулы тас жолдарда да, биік тауларда да өздерін көрсете алады. Сонымен, ертең біз жарысқа қайта оралуымызды асыға күтеміз», – деді Дмитрий Фофонов.

Прованс туры (11 – 14 ақпан)

Команда құрамы: Алекс Аранбуру (Испания), Омар Фраиле (Испания), Горка Исагирре (Испания), Йон Исагирре (Испания), Алексей Луценко (Қазақстан), Харольд Техада (Колумбия), Александр Власов (Ресей).

Спорт директорлар: Дмитрий Фофонов (Қазақстан), Бруно Ченьялта (Италия).

Photo credit: @Gettysport