Back To Top

Astana – Premier Tech «Швейцария турында» жеңіске жетуді көздейді

Астана – Premier Tech беделді «Швейцария туры» көпкүндігіне қатысады және бұл жарыста Якоб Фульсанг команда капитаны болады. Даниялық шабандоз 2018-жылы жалпы есепте екінші орынға ие болғаннан кейін алғаш рет швейцариялық жарысқа қатыспақ.

«2018-жылы көрсеткен нәтижеден кейін тек жақсы естеліктер қалған «Швейцария турына» қайта оралу өте тамаша. Мен үш жыл бұрын жеңіс тұғырына көтерілдім және бұл нәтижені қайталасам жақсы болар еді. Бәлкім оған кезеңдегі жеңісті де қосар едім», – деді Якоб Фульсанг.

«Тур де Франсқа» соңғы дайындық жұмыстары жүргізілген Тенерифедегі альпілік жаттығу жиындарынан кейін «Ломбардия Туры-2020» велододасының жеңімпазы маусымының екінші жартысын бастау үшін Швейцарияға аттанады.

«Тейде тауында біз өз тобымызбен «Тур де Франсқа» баратын шабандоздармен бірге альпілік жаттығу жиындарын өте жақсы өткіздік. Бірнеше апталық қарқынды жаттығулардан кейін өзімді өте жақсы сезінемін. Сегіз күндік «Швейцария турымен» маусымның екінші жартысы басталады. Осы жарыста сәтті өнер көрсетемін деп үміттенемін. Ұзақ үзілістен соң және жаттығу жиындарынан кейін аяқтарымның қалай жұмыс жасайтынын көреміз», – деп қоса кетті Фульсанг.

Спорт директоры Бруно Ченьялта «Швейцария туры» алдында қазақстандық-канадалық команданың күш-жігеріне сенетінін айтты.

«Біз бұл жарысқа мықты құрамды шығарамыз. Якоб Фульсанг, Уго Уль, Омар Фраиле, Стефан Де Бод және Мануэле Боаролар Тейдедегі оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Өте қиын және қарқынды кезең болды. Бірақ бұл жақсы нәтиже беруі керек. Бізде «Швейцария турынан» жақсы естеліктер қалған. 2018-жылы Якоб екінші орын иеленді. Ал 2016-жылы Мигель Анхель Лопеспен бірге жеңіске жеттік. Енді біз жалпы есепте жүлдеге таласамыз деп ойлаймыз. Бұл оңай болмайды. Өйткені мұнда көптеген мықты шабандоздар – «Тур де Франстың» фавориттері келеді. Бірақ біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Бруно Ченьялта.

«Швейцария турының» жарыс бағытында әдеттегідей екі жекелей жарыс, биік шыңдар мен асулар болады.

Швейцария Туры, 6 – 13 маусым.

Команда құрамы: Мануэле Боаро (Италия), Стефан Де Бод (ОАР), Омар Фраиле (Испания), Якоб Фульсанг (Дания), Евгений Гидич (Қазақстан), Уго Уль (Канада), Йонас Грегаард Вилсли (Дания).

Спорт директорлар: Бруно Ченьялта (Италия), Сергей Яковлев (Қазақстан).