Back To Top

Кристиан Скарони «Норвегияның Арктикалық жарысында» жалпы есепте екінші орынды иеленді

Италиялық шабандоз Кристиан Скарони Astana Qazaqstan Team командасының қоржынына «Норвегияның Арктикалық жарысының» жалпы классификациясында жүлделі екінші орынды әкелді. Соңғы кезеңде Скарони мәреге 6-шы болып келіп, жалпы есепте бір күн бұрын көрсеткен нәтижесін, яғни екінші орынды сақтап қалды.

Финалда көшбасшылар тобында болған Микеле Гадзоли спринтте кезеңдегі жеңіс үшін  күресіп, нәтижесінде жүлделі үшінші орынға ие болды.

«Финал өте қарбалас болды. Біз бонустық секундтарды алу үшін жақсы спринт өткізуге тырыстық. Бірақ, спринттің дүрбелеңі мен қарбаласқан сәтінде Микелемен арамызды үзіп алдық. Мен спринтте оның ізіне ілесе алмадым. Жалпы есепте жеңіске жету мүмкіндігі болды. Расымен де, біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бірақ бұл жеткіліксіз болды. Біз спринтте жалғыз емес едік. Басқа командалар да жоғары нәтиже үшін күресті. Команда үшін тағы бір таңғажайып жарыс күні болды. Командаластарым көшбасшы топты қуып жетіп, финалда маған қолдау көрсету үшін аянбай тер төкті. Бүгін жеңіске жете алмағаным өкінішті. Бірақ, біз Норвегияның солтүстігінде бір апта уақытты тамаша өткіздік. Дегенмен, тұғырдың аты тұғыр. Бабым жақсы. Сондықтан келесі жарыстарда жолымыз болады деп сенемін», – деді Кристиан Скарони.

Photo credit: @SprintCycling