Premier Tech 2021 жылдың соңында командаға демеушілікті тоқтатады
2021 жылғы маусымының соңында канадалық Premier Tech компаниясы Astana – Premier Tech командасының тең иегері әрі демеушісі болмайды. Осылайша велокомандамен бес жылдық серіктестікті тоқтатады. Қазақстан тарапы команданың иесі мен титулдық демеушісі болып қала бермек.
Premier Tech компаниясы соңғы 5 жылда велокомандаға демеуші болды. Бұл туралы Astana – Premier Tech-тың басқарушы директоры Яна Зель өз пікірін білдірді.
«Біз 2017 жылы серіктестік басталғаннан бері Premier Tech компаниясының қолдауына ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл ұжым команда үшін өте маңызды рөл атқарды. Біз соңғы жылдардағы ең маңызды сәттерде, оның ішінде классикалық жарыстар мен «Тур де Франс» кезеңдеріндегі жеңістерде компанияның бізбен бірге болғанын мақтан тұтамыз. Premier Tech пен қазақстандық акционерлеріміздің меншік иелері ретінде ұзақ мерзімді ынтымақтастықта болғанымызға қарамастан, өкінішке орай, команданың болашағына деген ортақ көзқарасты анықтау мүмкін болмады.
Осыған байланысты Premier Tech биылғы жылдың соңында командаға инвестиция құюды тоқтатады. Мен Жан Беланжерге және Premier Tech компаниясына біздің командаға қолдау көрсеткені үшін және COVID-19 пандемиясы уақытында соңғы екі маусымда барлық жұмыстарды мінсіз орындағаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз осы маусымды табысты аяқтап, қалған жарыстарда ең жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.
«Қазіргі уақытта команда келесі маусымға арналған жоспарды дайындап жатыр. Біз бұл туралы жақын арада хабарлаймыз», деп мәлімдеді Яна Зель.
Premier Tech компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Жан Беланжер:
«Қазақстанмен ынтымақтастықтығымыздың аяқталғанына риза болмасақ та, 2017 жылдан бері бұл жобаға ат салысқанымызға қуаныштымыз. Біз ағымдағы маусымның басында Astana – Premier Tech-тің тең иегері және демеушілерінің бірі болғанымызға және қазақстандық акционерлермен бірге команда үшін жаңа бағыт қалыптастырғанымызға дән ризамыз. Өкінішке қарай, біз бірқатар талқылаулар мен болашақты жоспарлау барысында көзқарасымыз бір емес екендігі белгілі болды. Нәтижесінде екі тарапты да қанағаттандыратын келісімге келе алмадық. Premier Tech велоспортпен айналысуды жалғастырады. Жақын арада пелотон мен Әлемдік Турға қатысудың келесі кезеңі туралы хабарлайды».