Back To Top

Сантьяго Умба – Astana Qazaqstan Team командасының жаңа шабандозы

Колумбиялық жас шабандоз Сантьяго Умба (20 жаста) Әлемдік турдың командасымен алғашқы келісім-шартқа отырып, келесі маусымда (2024) Astana Qazaqstan Team сапына қосылатын болды.

«Мен Әлемдік турдың командасымен алғашқы келісім-шартқа отырғаныма және Astana Qazaqstan Team сияқты үлкен жобаның бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Осындай мүмкіндік беріп, маған сенім артқаны үшін бүкіл команда басшылығына алғыс айтқым келеді. «Астана» мен үшін тамаша команда екеніне сенімдімін және мұнда үлкен жетістіктерге жетемін деп ойлаймын. Ауқымды жұмыс атқаруға, нағыз кәсіпқой болу үшін жоғары деңгейде тәжірибе жинауға дайынмын», – деді Сантьяго Умба.

Сантьяго Умба жастар арасында өткен жарыстарда бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ол «Эльзас турында (2021) және «Савой турының» (2021) кезеңдерінде жеңіске жетті. «Тахира Вуэльтасында» (2021) жалпы есепте 4-нәтиже және «Джиро д’Италияның» жастар нұсқасының  (2023) жалпы есебінде 10-нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, колумбиялық шабандоз «Ломбардия туры», «Альпі туры», «Джиро дел’Эмилия», «Кастилия және Леон Вуэльтасы», «Словения туры», «Адриатика-Ионика» және т.б. кәсіби жарыстарда өнер көрсетті.

«Сантьягоның біздің командадағы үлкен әлеуетін көреміз. Жас болғанына қарамастан Сантьяго үлкен кәсіби жарыстар сериясын аяқтап, оның әрі қарай дамуына негіз болатын елеулі тәжірибе жинады. Оның жастар деңгейінде бірқатар жоғары нәтижелері бар. Кәсіби жарыстың не екенін біледі. Сондықтан оған Әлемдік турда жақсы деңгейге жетуге мүмкіндік беретін ұқыпты және жүйелі жұмыс жасау қажет», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @SprintCycling