Алексей Луценко «Копа Агостониде» жеңіске жетті
«Ломбардия турында» құлағаннан кейін Алексейге жоғарғы нәтиже көрсетуге ешбір мүмкіндік қалмаған еді. Бірақ, небәрі екі күннен кейін Astana – Premier Tech командасының көшбасшысы Алексей Луценко Лиссонда өткен италиялық бір күндік «Коппа Агостони» жарысында керемет жеңіске жетті.
Astana – Premier Tech командасы жарыстың көп бөлігінде пелотонда көш бастап, көп жұмыс атқарды. Мәреге 60 шақырым қалғанда шабандоздар көшбасшыларды қуып жетті. Содан кейін құрамында Алексей Луценко мен команда капитанына қолдау көрсеткен Самуэле Баттистелла бар шағын көшбасшы топ құрылды. Бірнеше шабуылдан кейін соңғы асуда жаңа көшбасшы топ құрылды. Олардың арасында Луценко да бар еді.
Бұл жаңа топтың басымдығы ұзаққа бармады. Дегенмен, мәреге 11 шақырым қалғанда италиялық Маттео Трентин шабуылға шықты. Оның соңынан тек Astana – Premier Tech командасының көшбасшы ілесе алды. Трентин мен Луценко бұл жарыста өзара жеңіске таласу үшін жеткілікті басымдыққа ие болды.
Спринтте Алексей Луценко керемет жеңіске жетіп, мықты екенін дәлелдеді.
«Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Екі жыл бұрын мен бұл жарысты екінші орынмен аяқтадым. Ал бүгін жеңіске жетуді көздедім. Күні бойы мұқият болуға тырыстым. Бұрын жинақтаған тәжірибемді қолдана алдым деп ойлаймын. Финалда біз бірге жақсы жұмыс ұйымдастырдық. Содан кейін спринтті бастау үшін финалдық метрелерді күтемін деп шештім. Аяқтарым өте жақсы жұмыс жасады. Бәрі ойдағыдай болғанына қуаныштымын. Маусымның соңғы жарысын өткізер алдында, ертең демалуға және қайта бабыма келуге тырысамын», – деді «Критериум дю Дофиненің» 4-кезеңіндегі жеңістен кейінгі биылғы екінші жетістігіне қол жеткізген Алексей Луценко.
«Әрине, бұл жеңіске бәріміз өте қуаныштымыз. Сенбі біз күткендей болмады. Сондықтан Алексей мен бүкіл команданың бүгін жетістікке жеткені өте жақсы. Жігіттердің барлығы, әсіресе Самуэле Баттистелла Алексейге керемет жұмыс жасады. Ал финалда Луценко бәрін тамаша орындады. Ол өте мұқият, белсенді және ақылды болды. Алексей ыңғайлы сәтті күтіп, жарысты керемет аяқтады», – деп қоса кетті спорт директоры Стефано Занини.
«Бұл Қазақстан үшін және команданың барлық жанкүйерлері үшін өте маңызды жеңіс. Біз Алексейді, сондай-ақ оған осы жарыста көмектескен барлық шабандоздар мен қызметкерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Алексей әлемдік деңгейде әдемі жеңістерге жете алатын нағыз көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді. Менің ойымша, ол бұл нәтижемен жаңа маусым қарсаңында команданың рухын көтерді. Бұл жаңа маусым алдында өте маңызды», – деді бүгінгі жетістік туралы Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Коппа Агостони, Лиссоне – Лиссоне, 180 шақырым.
Жарыстың үздік үштігі: 1. Алексей Луценко (Astana – Premier Tech); 2. Маттео Трентин (UAE-Team Emirates); 3. Алессандро Кови (UAE-Team Emirates).
Photo credit: @Gettysport