Back To Top

Андрей Зейц Astana Qazaqstan Team сапында өнер көрсетеді

Тәжірибелі қазақстандық велошабандоз Андрей Зейц 2008-2019 жылдар аралығында велоспорттағы мансабының көп бөлігін өткізген Astana Qazaqstan Team командасына қайта оралады. Шабандозбен жаңа келісім бір маусымға (2022) арналған.

«Әрине, «Астана» жобасына қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Командада көп жылдар өткіздім, көптеген командалық жетістіктерге жеттім. Astana Qazaqstan Team командасына оралу – өзімді көрсетудің, алға жаңа мақсаттар қоюдың және оған жетудің жаңа мүмкіндігі. Жаңа маусымда өзім жақсы білетін команда көшбасшыларына қолымнан келгенше көмектесуге, сондай-ақ командаға жақында ғана қосылған жас жігіттермен тәжірибеммен бөлісуге тырысамын», – деді Андрей Зейц.

Андрей Зейц (34 жаста) кәсіби мансабын 2008 жылы бастаған қазіргі таңдағы қазақстандық ең тәжірибелі шабандоздардың бірі. «Президенттік Түркия туры» (2011) және «Хайнань туры» (2015) веложарыстарында жалпы есепте екінші орын, «Польша турының» жалпы есебінде (2016 ж.) және Риодағы Олимпиада ойындарында топтық жарыста (2016) 8-нәтиже көрсетіп, бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Сондай-ақ Андрей Зейц өзін Гранд Турларда команда көшбасшыларының мықты және сенімді көмекшісі ретінде көрсетті. Мысалы, ол 2013 және 2016 жылдары «Джиро д’Италияда» жеңіске жеткен Винченцо Нибалидің, ал 2018 жылы «Джиро» және «Испания Вуэльтасында» үшінші орынды жеңіп алған Мигель Анхель Лопестың негізгі көмекшілерінің бірі болды.

«Біз Андрейді өте мықты әрі сенімді шабандоз, Гранд Турлар кезінде әрқашан сенім артуға болатын тамаша көмекші ретінде білеміз. Соңғы екі жыл әртүрлі себептерге байланысты ол үшін сәтті болды деп айта алмаймын. Бірақ, қазір ол біздің командаға оралды. Андрейді Astana Qazaqstan Team командасының қатарына қуана қарсы аламыз. Менің ойымша, Андрей Мигель Анхель Лопес пен Алексей Луценкоға әлемдегі ең беделді жарыстарда жоғары орындар үшін күресте көмектесе алады», – деді Александр Винокуров.

 

«Андрей Зейцтің Astana Qazaqstan Team сапына қайта оралуы тамаша жаңалық. Мен команданың көп жылдар бойы Әлемдік турда сәтті өнер көрсетіп, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттары сияқты ең беделді жарыстарда ел намысын қорғаған тәжірибелі отандық спортшымен келісім-шартқа отыруын біздің федерация атынан қолдаймын. Маусымдағы қиындықтарға қарамастан, биыл Андрей өзінің әлі де тамаша бабында екенін дәлелдеді. Сондықтан оның Астанаға келуімен Qazaqstan Team командасы да, Қазақстанның әлемдік велоспорттағы орны да сөзсіз нығаяды», – деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Photo credit: @Gettysport