Back To Top

Венгрия туры. Марк Кавендиш екінші кезеңде жеңіске жетті

Astana Qazaqstan Team шабандозы Марк Кавендиш жоғары санатты «Венгрия туры» көпкүндігінің екінші кезеңінде жеңіске жетті. Кезең Казинцбарцик көшелерінде жаппай спринтпен аяқталды. Қазақстандық команданың барлық шабандоздары финалдағы нәтижеге қол жеткізу үшін 100% барын салып, жарыс жолын «өте жақсы» жүріп өтті. Евгений Гидич пен Микеле Гадзоли жарысты бақылауда ұстап, команда көшбасшыларына  кезең бойы өз орнын сақтауға көмектесті. Ал финалда Глеб Сырица, Кейс Бол және Микаэль Мёркёв спринтті тамаша жүріп өтті.

Марк Кавендиш спринтті мәреге шамамен 150 метр қалғанда бастап, командалық жұмысты сәтті аяқтады. Бұл британиялық шабандоздың ақпан айында «Колумбия турындағы» табысынан кейінгі маусымдағы екінші жеңісі.

«Команда керемет болды. Әріптестерім де керемет жұмыс жасады. Мен бұл жұмысты жеңіспен аяқтадым. Мәреде оңай болған жоқ және бірнеше бұрылыстан тұратын соңғы шақырымдар техникалық жағынан қиын болып шықты. Бірақ, соңында бәрі ойдағыдай өтті. Мен өте қуаныштымын! Барша ұжымға үлкен рахмет! Евгений Гидич бізді бүкіл кезең бойы желден қорғап, позициямызды сақтап отырды. Содан кейін асуға көтерілгенде Микеле Гадзоли тамаша жұмыс жасады. Глеб Сырица бізді кезеңнің соңғы шақырымдарына дейін оңтайлы позицияға шығарды. Кейс Бол бәрін керемет орындап, жоғары жылдамдықпен тамаша «жеткізді». Финалда Микаэль Мёркёв жылдамдықты сақтап, мені мәре сызығына дейін алып барды. Бұл жоғары жылдамдықпен жүріп, жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Оқу-жаттығу жиынынан кейін жарысқа бабымда келдім. Бұл жеңіс маусымның басты мақсаты – «Тур де Франс» алдында баршамызға мотивация береді», – деді Марк Кавендиш.

Екі кезең қорытындысы бойынша Марк Кавендиш «Венгрия турының» жалпы есебінде екінші орынға көтерілді.

Photo credit: @SprintCycling