Испания Вуэльтасы. 1-кезең. Бургоста өткен жекелей жарыста Алекс Аранбуру мәреге екінші болып келді
Бургос шіркеуі маңында өткен бүгінгі жекелей жарыста Алекс Аранбуру екінші орынға ие болды. Astana – Premier Tech командасының шабандозы 8 минут 38 секундта жарысты ең үздік нәтижемен аяқтады. Аранбуру аралық көшбасшы ретінде жарыс нәтижесін шамамен екі сағат күтуге мәжбүр болды. Былтырғы «Вуэльта» жеңімпазы және «жекелей жарыс» бойынша Олимпиада чемпионы Примож Роглич Аранбурудан алты секундқа озып кетті. Нәтижесінде бірінші кезеңде жеңіске жетіп, чемпион атанды және жалпы есепте қызыл жейдені иеленді.
«Әрине, мен кезеңде жеңіске жетуге біртабан жақын болғаннан кейін біраз көңілім қалды. Шынымды айтсам, Примож Роглич бүгінгі басты фаворит болады деп күтілген еді. Мен жекелей сайысты жақсы жүріп өттім. Жарыс жолы да ұнады. Мен қысқа әрі жылдам өтетін жарыстарды жақсы көремін. Сондықтан бүгін өзімді көрсетуге бел будым. Асу жолында да, финалда да бар күшімді салдым. Өйткені жарыс бағытының бұл бөлігі ең маңызды болды. Соңғы шақырымдарда жылдамдықты ұстап тұру оңай болған жоқ. Бірақ менің қолымнан келді және ең жақсы уақыт нәтижесімен кезеңді аяқтадым. Әрине, айтарлықтай ұзақ уақыт күтуге тура келді. Нәтижесінде жеңісті уысымнан шығарып алдым. Соған қарамастан, бүгінгі көрсеткен нәтижеммен мақтана аламын және менің ойымша, велододаны жақсы бастадым»,– деді Алекс Аранбуру.
Жалпы, Astana – Premier Tech командасы бірінші кезеңде өте жақсы өнер көрсетті. Алдымен Омар Фраиле кезеңді ең жақсы нәтижемен аяқтаса, Луис Леон Санчес пен Оскар Родригес финиште үшінші орын иеленді. Осыдан кейін Алекс Аранбуру нәтижесін жақсартып, ұзақ уақыт бойы жарыста көш бастап тұрды. Сондай -ақ, Испания чемпионы Йон Исагирре мен оның ағасы Горка Исагирре жарысты жақсы өкізді. Ресей чемпионы Александр Власов та лайықты өнер көрсетіп, жалпы есепте фавориттердің барлығын дерлік жеңіп, кезеңді 10-шы болып аяқтады.
Жас қазақстандық велошабандоз Юрий Натаров «Испания Вуэльтасында» таулы аймақта алғашқы ұпайларды иеленуге тырысты. Бірақ кезеңдегі жалғыз асуда ұпай жинай алмады. Алайда бұл оның мансабындағы алғашқы Гранд-турдың бірінші кезеңіндегі жақсы талпынысы болды.
«Менің ойымша, команда расымен де жарысты жойқын бастады және барлық шабандоздар бұл кезеңді жоғары деңгейде өткізді. Жеңіске біртабан жақын едік. Бірақ екінші орынға ие болдық. Дегенмен, біз Рогличтің бұл қысқа «жекелей жарыстағы» фаворит екенін алдын ала білдік. Сондықтан Алекс Аранбурудың өнеріне, сондай-ақ Александр Власовтың көптеген мықты шабандоздарды артқа тастап, үздік ондық қатарында жарысты аяқтағанына ризамыз. Жарысты жақсы бастадық. Енді келесі кезеңдерге дайындаламыз», – деп қоса кетті команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.
Испания Вуэльтасы, 1-кезең. Бургос – Бургос, 7.1 шақырым.
Кезеңнің үздік үштігі: 1. Примож Роглич (Team Jumbo – Visma); 2. Алекс Аранбуру(Astana – Premier Tech); 3. Ян Тратник (Bahrain – Victorious) … 10. Александр Власов (Astana – Premier Tech).
Photo credit: @Gettysport