Back To Top

Колумбия туры. Марк Кавендиш жеңіс жолын төртінші кезеңнен бастады

Astana Qazaqstan Team шабандозы Марк Кавендиш 2024 жылғы жеңіс жолын «Колумбия турының» Сипакирада мәресіне жеткен төртінші кезеңінде, жаппай спринтте жеңіске жету арқылы бастады. Кавендиш Харольд Техада, Алексей Луценко, Микаэль Мёркёвжәне Кейс Болдың қолдауының арқасында жеңіске жетті. Сондай-ақ, кезеңнің көп бөлігін пелотонның көш басында өткізген, алға озған топты қуып жетіп, шабуылдарға тосқауыл бола білген Харольд Мартин Лопестің орасан зор жұмысын атап өткен жөн.

«Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Соңғы шақырымда әріптестерімнің соңынан ілестім және оларды ұятқа қалдыра алмайтынымды түсіндім. Командаластарым финалда ғана емес, күні бойы керемет жұмыс жасады! Пелотон топтарға бөлінгеннен кейін, олар Movistar командасымен бірге алға озған шабандоздардың соңына түсіп, бізді спринтке жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Біздің команда көрсеткен сенім мен жеңіске деген құштарлықтан көзіме жас келді. Колумбияда тағы бір кезеңді жеңіп алғанымызды мақтан тұтамын. Фернандо Гавирияға қарсы өз елінде спринтті жүріп өту мен үшін ерекше сәт болды. Ол өте үлкен жылдамдықпен жарыс жолына шықты. Сондықтан бүгін біздің командалар жасаған барлық жұмыстардан кейін онымен бірге тұғырда тұрғаныма өте қуаныштымын!», – деді Марк Кавендиш.

 

«Қағаз жүзінде кезең қарапайым болып көрінді. Біз жағдайды бақылауға тырыстық. Бірақ, жарыс жолының ортасындағы асуға келгенде пелотон бірнеше топқа бөлініп, Марк Кавендиш спринтерлермен бірге бір топ болып, көшбасшылардан екі минутқа қалып қойды. Алексей Луценко мен Харольд Мартин Лопес керемет жұмыс жасады. Олар мәреге 30 шақырым қалғанда Кавендишті алға шығарды. Біз спринтерлік топқа өзгеріс енгізіп, Кейс Болды Марктың соңынан ілестіріп қойдық. Бірінші кезеңде бұл қызметті Микаэль Мёркёватқарды. Бірақ, бүгін күтпеген жерден оның дөңгелегі тесіліп қалды. Сондықтан ол алға озған шабандоздарды ұзақ уақыт бойы қуып жетіп, көп күш жұмсауға мәжбүр болды. Жалпы, біздің топтың барлық жігіттері керемет өнер көрсетті. Ал Марк мұның бәрін тамаша жеңіспен аяқтады. Бұл команда үшін тамаша күн болды!», – деп қоса кетті Astana Qazaqstan Team командасының бас бапкері Василис Анастопулос.

Төртінші кезеңнен кейін және Альто де Вино патшалық таулы кезеңі аясында Astana Qazaqstan Team шабандозы Харольд Техада жарыс көшбасшысы Родриго Контрерастан 4 секундқа ғана артта қалып, жалпы есепте екінші орынды сақтап қалды.

Photo credit: @SprintCycling