Back To Top

Азия ойындары. Алексей Луценко «жекелей жарыста» алтын алды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында Алексей Луценко ерлер арасында 39,6 шақырымдық жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды.

Astana Qazaqstan Team шабандозы сайысты өте мықты бастады. Ол аралық қашықтықта (20,4 шақырым) ең жақсы уақыт нәтижесін көрсетті – 24 минут 35 секунд. Луценко мәреге 48 минут 5 секундта жетті. Ол қиын таулы аймақта орташа 49,401 км/сағ жылдамдықпен жүріп, оны ешкім жеңе алмады.

Алексей Луценко үшін бұл 2014 жылы Инчхондағы (Оңтүстік Корея) және 2018 жылғы Джакартадағы (Индонезия) жетістіктерінен кейінгі Азия ойындарындағы жекелей жарыста иеленген үшінші алтын медаль.

«Мен үшін және біздің команда үшін Азия ойындары маусымдағы ең маңызды мақсат болды. Шын мәнінде, біз Ойындарға барынша жақсы формада келу үшін бүкіл маусым бойы осы жарыстарға дайындалдық. Бұл Қазақстан үшін де, Astana Qazaqstan Team үшін де маңызды бастама. Өйткені кәсіпқой команда елімізді бүкіл әлемге таныстырады. Ұлттық құрамаға және барша Қазақстанға алтын медаль әкелгеніме өте қуаныштымын, мақтан тұтамын. Біз жарыс жоспарын жақсы жасадық және ол жоспар тамаша жұмыс істеді. Енді бейсенбі күнгі топтық жарысқа дейін мүмкіндігінше қалпыма келуім керек. Бұл өте қиын болады. Бірақ Евгений Федоров, Глеб Брусенский, Дмитрий Груздевпен бірге ең жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін 100% барымызды салуға тырысамыз», – деді Алексей Луценко.