Back To Top

Алексей Луценконың мақсаттары: классикалық жарыстар, «Тур де Франс» және0 Олимпиада

Қазақстан чемпионы Алексей Луценко жаңа маусымдағы алғашқы жарысын Францияда бастайды. Ол «Прованс Туры» додасына қатысады. Сосын барып, «БАӘ турында» бақ сынап, артынша «Милан – Сан-Ремо» додасына түседі. Сонымен қатар, Алексей команда атынан тастақты жолдарда өтетін «Е3 БинкБанк», «Гент-Вевельгем» және «Фландрия Туры» жарыстарына қатысады. Сондай-ақ, Луценко Арденн классикаларына барып, «Амстел Голд Рэйс» және «Льеж – Бастонь – Льеж» сайыстарында өз бағын сынап көрмек. Маусымның екінші жартысында Луценко үшін басты мақсат «Тур де Франс» пен Токио Олимпиадасы болатыны сөзсіз. Алексей биыл төртжылдықтың басты додасында Қазақстан намысын қорғамақ.

– Жарыс жылын «Прованс турынан» бастағанды жөн санадым. Сосын «Әмірліктердің турына» кетемін. Ал одан ары қарай таңдау жасауым қажет. «Париж-Ницца» немесе «Тиррено-Адриатико» жарыстарының бірін таңдауым керек. Менің дәл қазіргі басты мақсатым маусымның бастапқы бөліміне жақсы баппен келу болып тұр. Соңғы жыл бізге көп нәрсені үйретті. Бұрынғыдай ыңғайлы жарысты, ыңғайлы жолды іздеудің қажеті жоқ. Барлығы да ауырлықпен келеді екен. Жарыстар кейінге шегеріліп, тіпті өтпей қалуы да ғажап емес қой. Сондықтан да, кез-келген сәтке дайын болған дұрыс. Егер веломаусым жоспарлағандай өте беретін болса онда мен бар күшімді әлбетте «Тур де Франс» пен Олимпиада ойындарына саламын, – деді Алексей Луценко.

Photo credit: @Gettysport