Back To Top

Алексей Луценко – топтық жарыста Қазақстан чемпионы

Бүгін Талдықорғанда аяқталған тас жолдағы велоспорттан Қазақстан чемпионатының топтық жарысында (164 шақырым) Алексей Луценко жеңіске жетті. Луценко мәреге 20 шақырымдай қалғанда көшбасшылар тобынан шабуылдап, тез арада басымдылыққа ие болды. Нәтижесінде мәреге жеке дара жетіп, топтық жарыста жаңа ел чемпионы атағын жеңіп алды.

«Бұл менің бабымды тексеріп көру үшін өте жақсы сынақ болды. Жарыстың қалай өткеніне, күні бойы өзімді қалай сезінгеніме көңілім толады. «Тур де Франсқа» бір апта қалғанда өзімді сынау өте маңызды болды. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатқан сияқты. Біз шабуылдадық және ерте алға оздық. Сондықтан жарыс күнінің басым бөлігінде көп жұмыс істеуге тура келді және бұл қолымыздан келді. Финалда шабуыл жасау мүмкіндігін пайдаланып, жалғыз өзім алға шықтым. Бұл маған жеңіс әкелген жақсы серпіліс болды. Қазақстан чемпионатындағы жетістігіме өте қуаныштымын. Мен үшін Тур де Франсты ел чемпионының жейдесінде бастау үлкен мәртебе!», – деді Алексей Луценко.

Құрамында топтық жарыс бойынша  2022 жылғы чемпион Евгений Гидич Луценко және «жекелей уақытқа» арналған жарыс бойынша 2022 жылғы чемпион Юрий Натаров бар шабандоздар тобы пелотоннан бөлініп шығып, айтарлықтай басымдыққа ие болды. Кейінірек Гидич пен Луценко Даниил Марухин мен Александр Семёновпен бірге тағы да шабуылға шығып, бәйгеде жүлделі орындарға таласатын көшбасшылар тобын құрды. Алексей Луценко мен Евгений Гидич бірге жақсы жұмыс жасап, қуғыншылардан басымдылығын сақтап қалды. Ал финалдық айналымда Луценко қарсы шабуылға шығып, жеңіске жетсе, Гидич спринтте екінші орын иеленді.

Сәрсенбіде жекелей сында чемпион атанып, бүгін топтық жарыста жеңіске жеткен Алексей Луценко 2023 жылғы Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды.

Элиталық санаттағы жекпе-жекпен қатар 23 жасқа дейінгі санаттағы шабандоздар арасында сайыс өтті. Онда құрлықтық Astana Qazaqstan Development Team командасының шабандоздары басым болды. Жарыстың көп бөлігінде жекелей сында Қазақстан чемпионы Максим Тараскин алда болғанымен, соңғы айналымда пелотон оны қуып жетті. Ал Николя Винокуровтың шабуылы оған ел біріншілігінің топтық жарысында қатарынан екінші жеңіс әкелді.

«Бұл өте қиын күн болды. Жоспар бойынша мен алғашқы топпен бірге жүріп отыруым керек еді. Біраз уақыттан кейін 20 шабандоздан тұратын топқа қосылып үлгердім. Бірақ кейін бұл топты пелотон қуып жетті. Жарыс жолының соңғы бөлігінде денем құрыса бастады. Сол уақытта мен үшін жарыс аяқталды деп ойладым. Бірақ, оны да жеңе алдым. Үлкен топпен бірге мәреге келсем, спринтте жеңілетінімді біліп, 5 шақырым қалғанда шабуылға шықтым. Мені басқа шабандоздар қуып жетті. Алайда берілмей, мәреге 1,5 шақырым қалғанда қайтадан шабуылға шықтым. Бұл жолы бәрі ойдағыдай өтті. Маусымның бірінші жартысындағы барлық сәтсіздіктер мен аурулардан кейін өз категориямдағы топтық жарыста екінші рет қатарынан жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Мен Қазақстан чемпионының жейдесін тағы да киіп, жаңа мақсаттарға жету үшін жұмысты одан әрі жалғастырамын», – деді Николя Винокуров.

Жастар арасындағы жарыста Андрей Ремхе екінші болып мәреге жетсе, Өркен Сламжанов үшінші орынға ие болды.