Back To Top

Юрий Натаров пен Евгений Гидич Astana Qazaqstan Team командасымен келісім-шартты ұзартты

Қазақстандық екі шабандоз – Юрий Натаров пен Евгений Гидич «Астана» командасымен (2022 жылдан бастап команда Astana Qazaqstan Team деп аталатын болады) екі жылдық жаңа келісімге қол қойды. Олар 2022 және 2023 жылғы маусымда команда сапында өнер көрсетеді.

Юрий Натаров қазақстандық командамен алғаш рет 2019 жылы келісім-шартқа қол қойды. Ол уақытта «Алматы турының» жалпы есебінде жеңіске жеткен болатын. Бұл шабандоздың кәсіби деңгейде жеткен жалғыз жеңісі. 2021 жылғы маусымда Натаров бірінші рет Гранд-турды жүріп өтті. Сонымен қатар жекелей жарыста Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.

«Командамен жасалған жаңа келісім мені жігерлендіреді және одан әрі өсуіме, алға ұмтылуға себеп болады. Бұл маусымда мен Гран-турда дебют жасадым. «Испания Вуэльтасын» жүріп өттім. Бұл тәжірибе мен үшін өте құнды және қажет болды. «Испания Вуэльтасына» қатысуым мені шабыттандырды. Алдағы екі маусымда «Astana Qazaqstan Team» командасымен алға маңызды қадам жасай алатыныма сенімдімін. Ауқымды көлемде жұмыс атқару керек және мен оған дайынмын», – деді Юрий Натаров.

Евгений Гидич 2018 жылы «Астана» жобасына ауысып, алғашқы үш маусымда бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді – «Хорватия туры-2018» велододасының жалпы есебінде үшінші орын иеленді және сол жарыстың кезеңдерінің бірінде жеңіске жетті. 2019 жылы Азия чемпионатының топтық жарысында жеңімпаз атанды, «Коппа Берноки» жарысында 7-нәтиже көрсетті (2019), «Сауд Арабиясының турында» (2020) үшінші орынға ие болды.

Биылғы маусымдағы Евгенийдің үздік нәтижесі – Қазақстан чемпионатының топтық жарысындағы екінші орын болды.

«Өткен маусым мен күткендей болмады. Алайда, биыл бұрынғыдан да мықтырақ және тәжірибелі бола бастадым. Сондықтан жаңа маусымға оң көзқараспен қараймын. Мансабымда маңызды қадам басуға мүмкіндік беретін деңгейге жету үшін барлығын жасауға дайынмын. Маған сенім білдірген командаға ризамын және үмітті ақтауға бар күшімді саламын», – деді Евгений Гидич.

 

«Бірнеше жыл бойы әлемдік турда жігіттер жақсы тәжірибе жинады. Көп нәрсені үйренді. Бәрі ойдағыдай болған жоқ. Пандемияға байланысты жағдай да кедергі келтірді. Бірақ, біз Юрийде де, Евгенийде де ілгерілеу бар екенін білеміз. Екі шабандоз да тәжірибе мен өнімді еңбек нәтижесін беретін жасқа келді. Біз жаңа екі жылдық келісім-шарт олардың алға жылжуына қажетті серпін береді деп сенеміз. Жігіттер командалық және жеке жетістіктерге жету үшін барлық жағдай жасалған командада қалатынына қуаныштымын», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @Gettysport