Back To Top

Норвегияның Арктикалық жарысы. Микеле Гадзоли мен Кристиан Скарони жеңіске жетті

Astana Qazaqstan Team Норвегияның Арктикалық жарысының екінші кезеңінде қос жетістікке жетті. Хаммерфест қаласында жоғарыға көтерілу барысында өткен спринтте Микеле Гадзоли (құрлықтық Astana Qazaqstan Development Team командасынан) жеңіске жетіп, Кристиан Скарони мәреге екінші болып жетті.

«Осы сәтке, осы жеңіске жету үшін бір жыл уақыт қажет болды. Жарыстан шеттетілуге әкелген қарапайым қателіктен кейін биылғы жыл мен үшін өте қиынға соқты. Бірақ, мен мойымадым және бар күшімді жаттығуға бағыттадым. Қазіргі сәтке дайын болу үшін көп жұмыс жасадым. Александр Винокуров пен Астанаға маған, менің отбасыма және осы қиын кезеңде жанымда болған адамдарға үлкен мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді», – деді Микеле Гадзоли.

 

«Бүгін команда керемет жұмыс жасады. Мен Кристианға аралық спринтте бонустық секундтар үшін күресте көмектестім. Ол менің жақсы позицияда екенімді көріп, соңғы 300 метрде маған көмектесті. Жеңіске жеткен қандай керемет және дәл қазір мен бақыттымын», – деп қоса кетті Микеле Гадзоли.

 

«Біздің команда үшін тамаша табыс. Финалда спринтті 400 метр қалғанда бастадым. Мәре сызығына дейін әлі алыс еді. Бірақ жылдамдықты сақтап, екінші болып мәреге жеттім. Микеленің бабы тамаша және ол спринтті мінсіз жүріп өтті. Ол спринтті қажетті сәтте бастап, жұмысты әдемі жеңіспен аяқтады», – деді Кристиан Скарони.

 

«Біз кезеңде қапталдан жел соғады және эшелондар болады деп күткен едік. Бір сәтте пелотон ыдырап, мен көшбасшылар тобына қосылдым. Мәреге жетуге мүмкіндігіміз бар деп ойладым. Бірақ, мәреге 25 шақырым қалғанда екінші топ қайта оралды. Соған қарамастан, біз әріптестерімізбен бірге жұмысымызды жалғастырып, алдыңғы позицияны сақтап қалуға тырыстық. Спринтке дайындалып, бәрі ойдағыдай өтті. Ұжымдағы атмосфера өте жақсы. Барлығы бір-бірін қолдайды. Барлық қызметкерлерге олардың атқарған жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Алда әлі бірнеше кезең бар. Сондықтан жалпы есепте бәсекеге түсе алам ба, оны көреміз», – деп қорытындылады Кристиан Скарони.

 

«Күн салқын, жаңбырлы және желді болды. Пелотонда барлығына қиынға соқты. Дегенмен, біз осындай ауа-райына дайын едік. Кристиан Скаронимен жеңіс үшін күресеміз деген үмітпен жарысты белсенді өткізуге бел будық. Джанмарко Гарофоли кезең басталған сәттен бастап шабуылдады. Эшелондар болатынын алдын ала білдік. Сондықтан көшбасшыға көмек керек болған жағдайда біз алдыңғы қатарда бір адам болғанын қаладық. Алайда, барлық орын алған оқиғаларға қарамастан, соңында пелотон финалға жиналды. Артем Захаров Кристиан мен Микельді спринтте алға шығарып, тамаша жұмыс жасады. Біз финалда Скарониге үміт артқан едік және ол спринтті керемет өткізді. Бірақ Гадзоли кезеңде жеңіске жетіп, тосын сый жасады. Бұл тамаша нәтижеге бүкіл команда дән риза», – деді Astana Qazaqstan Team спорт директоры Дмитрий Фофонов.

Photo credit: @SprintCycling