Back To Top

Astana – Premier Tech «Бенилюкс турында» бірнеше бағытты ұстанады

Маусымның соңғы Гранд-туры «Испания Вуэльтасы» аяқталайын деп жатқанда Astana – Premier Tech командасы басқа да жарыстарға қатысуда. Сонымен, 30 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында қазақстандық-канадалық команда «Бенилюкс туры» көпкүндігінде бақ сынайды. Аталған жарыста команда бірнеше жоспарды орындауға тырысады.

Асқазан ауруына байланысты «Тур де Франста» сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін Якоб Фульсанг маусымның екінші бөлігін бастау үшін жарыс жолына қайта оралады.

««Тур де Франстың» соңғы бөлігі мен күткендей болмады. Олимпиада ойындарында өзімді әлдеқайда жақсы сезіндім. Бірақ онда мен басқа нәтижеге қол жеткізгім келді. Барлығы артта қалды. Сауықтым. Отбасыммен уақыт өткіздім, күш жинадым және маусымның соңғы бөлігіне жақсы дайындық жасадым. «Бенилюкс туры» – бұл мен үшін Олимпиададан кейінгі алғашқы жарыс. Сондықтан мен жағдайды күн сайын бағалап, біртіндеп жарыс ырғағына ораламын. Бірақ, егер өзімді көрсетуге мүмкіндік болса және өзімді жақсы сезінсем, бағымды сынап көруге тырысамын», – деді Якоб Фульсанг.

Astana – Premier Tech командасы «Бенилюкс турына» кезеңнің әрқайсысында өзін көрсете алатын мықты құраммен барады.

Италия чемпионы Маттео Собреро жарыстың екінші кезеңінде өтетін 11 шақырымдық жекелей жарысқа дайындалуда. Оған дейін «Бретани Классикасында» бақ сынайтын Самуэле Баттистелла өзін жалпы есепте көрсетуге тырысады. Уго Уль көшбасшы топта шабуыл жасайды. Ал Фабио Феллине мен Евгений Гидич спринтте бақтарын сынап көруді жоспарлап отыр.

«Біздің шабандоздардың ыңғайына жақсы келетін кезеңдерде барымызды салуға тырысамыз. Мысалы, екінші кезеңдегі жекелей жарыста. Якоб Фульсангқа келер болсақ, ол «Тур де Франс» пен «Олимпиададан» кейін және асқазан ауруынан соң сайыстарға қайта оралмақ. Сондықтан оның жарыс ырғағына қалай ілесетінін көреміз. Самуэле «Норвегияның Арктикалық жарысында» өзінің дайын екендігін көрсетті. Сол үшін біз оған сенім артамыз. Біздің шабандоздарымыздың құрамы жақсы. Бірақ, бұл велокөпкүндікте Еуропа мен Әлем чемпионаттарына дайындалатын мықты командалар көп болады. Сондықтан бізді қиын жарыс аптасы күтіп тұр», – деді спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

Бенилюкс Туры (30 тамыз – 5 қыркүйек).

Команда құрамы: Самуэле Баттистелла (Италия), Фабио Феллине (Италия), Якоб Фульсанг (Дания), Евгений Гидич (Қазақстан), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Уго Уль (Канада), Маттео Собреро (Италия).

Спорт директорлар: Джузеппе Мартинелли (Италия), Стефано Занини (Италия).