Back To Top

Дмитрий Груздев Astana Qazaqstan Team командасында қалады

Тәжірибелі қазақстандық шабандоздардың бірі Дмитрий Груздев (37 жаста) Astana Qazaqstan Team сапында тағы бір маусым (2024) өткізеді.

«Биылғы маусымдағы барлық қиындықтарға қарамастан, біз алдымызға қойылған бірқатар міндеттерді орындай алдық. Биылғы жыл Олимпиадалық іріктеу тұрғысынан маңызды болды және біз команда ретінде мүмкіндігінше көп ұпай алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Азия чемпионатында да, Азия ойындарында да 100 пайыздық нәтиже көрсеттік. Мен осы жетістіктің бір бөлігі болғаныма, көшбасшыларымызға алтын медаль алу жолында көмектесе алғаныма қуаныштымын! Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар команда үшін маңызды. Әлі де күш барын, еңбек етуге, ұжымға пайдалы болуға, ортақ мақсат жолында барымды беруге деген ұмтылыс бар екенін сеземін. Сондықтан жаңа маусымды Astana Qazaqstan Team-мен бірге велоспортта командаға қолымнан келгенше көмектесудің тағы бір мүмкіндігі деп санаймын», – деді Дмитрий Груздев.

Дмитрий Груздев қазақстандық жобада толық 12 маусым өткізді. Осы уақыт аралығында ол 9 Гранд Тур және 20 монументалды классикалық жарыстарды жүріп өтті. Онда ол әрқашан командалық мақсаттар мен көшбасшының қолдауы үшін 100% барын берді. Сонымен қатар, Дмитрий Груздев ұлттық құрама үшін әрқашан басты тұлғалардың бірі болып қалады. 2023 жылы Қазақстан құрамасы сапында Груздев аралас командалық жарыста Азия чемпионатында алтын жеңіп алды және жазғы Азия ойындарының топтық жарысында 5-ші болды.

«Дмитрий Груздев – 100% адал командалық шабандоз. Ол өзінің бүкіл мансабын кез келген деңгейдегі жарыстарда, мейлі ол Гранд турлар, классика, әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары немесе Олимпиада ойындарында көшбасшыларға көмектесуге арнады. Дмитрийдің командаға қажет баға жетпес тәжірибесі бар. Біз оны жас қазақстандық шабандоздармен жұмыс істеуде де, командалық мақсаттарға жетуде де пайдалана аламыз», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @SprintCycling