Back To Top

Харольд Техада Astana Qazaqstan Team сапында қалатын болды

Колумбиялық шабандоз Харольд Техада (26 жаста) Astana Qazaqstan Team жобасымен келісімшартын ұзартты. Ол 2024 жылы қазақстандық команда намысын қорғайтын болады.

«Командада төрт жыл өткізгеннен кейін мен нәтижелер пайда болатын сәт келгенін сеземін. Ал биылғы маусымда бәрі ойдағыдай басталды. Екінші жартыжылдықты жақсы өткізіп, «Түркия турында» бірінші орынға қол жеткіздім. Бірақ мен үшін бұл тек бастамасы. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Жаңа маусымды асыға күтемін және жарыстарда жеңіске жетуге тырысамын. Командама қолдау көрсеткендері үшін, маған және шабандоз ретіндегі талантыма сенгендері үшін алғыс айтамын. Соңғы маусымдар бүкіл команда үшін қиын болды. Бірақ мен әлі де алға жылжып келе жатқанымызды және жеңістер көп күттірмейтінін көріп отырмын. Үлкен қолдауды сезінетін, бәрі ойдағыдай болатынын білетін осы тамаша командада жарысты жалғастыра алатыныма өте қуаныштымын. Жоба дамып келеді, өсуде және жаңа маусымның сәтті өтетініне сенімдімін», – деді Харольд Техада.

Харольд Техада кәсіпқой мансабын 2020 жылы Astana Qazaqstan Team сапында бастады, ол бір күндік «Мон-Ванту Челлендж» және одан кейінгі «Тур де Франс» жарыстарында бірден көзге түсті. Содан бері Техада қазақстандық команданың құрамында бес Гранд Турда жарыс жолына шығып, онда ол команда көшбасшыларына қолдау көрсетті.

Осы маусымда Техада бірқатар маңызды жеке нәтижелерге қол жеткізді. Ол Швейцария турының жалпы есебінде алғашқы ондық қатарына ілікті. «Гран Пьемонте» бір күндік жарысында сегізінші болды және «Түркияның президенттік турының» жалпы классификациясында үшінші орынға ие болды. Онда команда «Астана» көшбасшы Алексей Луценконың жеңісін тойлады.

«Харольд тәжірибе жинақтап, кәсіби шабандоз болу үшін қажетті бірнеше қиын жылдардан кейін осы маусымда өзінің алғашқы елеулі нәтижелеріне қол жеткізе бастады. Біз оны маңызды таулы кезеңдерде алғашқы ондықта жиі көре бастадық. «Швейцария турын» керемет жүріп өтті және «Түркия турында» тамаша жұмыс атқарды. Онда Алексей Луценкоға қолдау көрсетіп, өзі жеңіс тұғырынан көрінді. Жаңа маусымда ілгерілеу жалғасады. Жақын арада жақсы нәтижелер ғана емес, жеңістер де болады деп сенеміз. Харольд – тамаша командалық шабандоз. Бірақ, ол жарыстарда жеңіске жету үшін барлық жақсы қасиеттерге ие», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @SprintCycling