Back To Top

Микеле Гадзоли Astana Qazaqstan Team командасына ауысты

Құрлықтық Astana Qazaqstan Development Team командасымен бірге үш ай өнер көрсетіп, Әлемдік Турдың командасымен бірнеше жарыстарға қатысқаннан кейін италиялық шабандоз Микеле Гадзоли 2024 және 2025 жылғы маусымдарды Astana Qazaqstan Team сапында өткізеді.

«Astana Qazaqstan Team командасымен қайта келісім-шартқа отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл команда маған қиын кезеңнен кейін қайта туылу мүмкіндігін берді. Мен үшін бұл жоба маған сенім артқан және жоғары нәтижелерге қайта оралуыма қол ұшын созған отбасы сияқты. Алдағы екі жылда маған сенім артқаны үшін және мүмкіндік бергенінің өтеуі ретінде команданы жеңістермен, жүлделі орындармен қуантуға тырысамын. «Астананың» құрамында және осы команданың жейдесінде өзімді жігерлі сезінемін және бәріміз бірге жетістікке жету үшін жұмыс істеуге деген талпыныс бар», – деді Микеле Гадзоли.

2023 жылдың тамызы мен қазан айлары аралығында Микеле Газдоли «Норвегияның арктикалық жарысының» кезеңін жеңіп алды және кезеңдерінің бірінде үшінші болып мәре сызығын кесті. Astana Qazaqstan Team сапында «Словакия Турының» кезеңінде екінші болды. Сонымен қатар құрлықтық Astana Qazaqstan Development Team командасымен бірге «Болгария турында» екі кезең жеңімпазы атанып, жалпы есепте екінші нәтиже көрсетті. Гадзоли «Түркияның президенттік турында» өнер көрсетіп, онда жеңімпаз атанған Алексей Луценкоға қолдау көрсетті.

«Маусымның екінші жартысында біз Микелеге өзін көрсетуге, тағы бір мүмкіндікке лайық екенін дәлелдеуге мүмкіндік бердік. Ал шабандоз өзінің үздік қырларын көрсетті. Жеке нәтижелер көрсетті. Сонымен қатар өзін команданың жақсы шабандозы ретінде көрсетті. Мысалы, «Түркия турында» тамаша жұмыс атқарылды. Микеленің бір күндік жарыстарда да, қысқа кезеңдік жарыстарда да әлеуеті бар және ол спринтте де, таулы кезеңде де топ жетекшілерінің тамаша көмекшісі бола алады», – деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Photo credit: @SprintCycling