Back To Top

Луис Леон Санчес «Вильяфранка-де-Ордисия классикасы» веложарысында жеңіске жетті

Astana – Premier Tech командасының испаниялық шабандозы Луис Леон Санчес бүгін Испанияда өткен «Вильяфранка-де-Ордисия классикасы» атты 98-ші мәрте ұйымдастырылған велододада жеңіске жетті. Санчес шағын топтағы спринтте Хуан Аюсо мен Роджер Адриадан озып шықты. Қазақстандық-канадалық команданың тағы бір өкілі Оскар Родригес алтыншы нәтиже көрсетті.

«Мен бұл жарысқа ұзақ үзілістен кейін келдім. Уақытымды отбасыммен бірге өткізіп, физикалық және психологиялық тұрғыдан жақсы демалып, бос уақытымды мүмкіндігінше тиімді пайдаландым. Ұзақ үзілістен кейін алғашқы жарысқа келгенде ерекше сезімде боласың. Өйткені қарсыластарыңмен салыстырғанда деңгейіңе толық сенімді болмайсың. Тіпті үйде дұрыс дайындық жұмыстарын жүргізгеніңмен, сенімсіздік болады. Қалай болғанда да, мен бүгін жеңіс үшін күресуге бел будым. Нәтижесінде бәрі тамаша аяқталды. Командаластарым мен үшін керемет жұмыс жасады. Финалда Оскар Родригестің шабуылына ілесіп, көшбасшылар тобына қосылдым. Біз бірге жақсы жұмыс жасадық. Сол шабуылдан соң жеңіске жеттім. Бұл жетістікке өте ризамын және мені осы нәтиже маусымның екінші жартысында жігерлендіреді», – деді Луис Леон Санчес.

Оскар Родригес Альто-де-Абальчискетадағы (3,1 шақырым, 7,3%) соңғы асуда жойқын шабуылға шығып осы асуды жүріп өту бойынша жаңа рекордын орнатты. Ал Родригес пелотонда жойқын шабуыл ұйымдастырды. Шыңға жеткенде және одан әрі мәреге түсу кезінде тек бес шабандоз бұл шабуылға ілесе алды. Олардың арасында Луис Леон Санчес те болды.

Пелотон көшбасшыларды қуып жетуге тырысқанымен, Санчес пен Родригес тобы өздерінің басымдықтарын сақтап, жеңіс үшін күресті. Оскар Родригес Санческе спринтте ең жақсы позицияны таңдауға көмектесті. Содан кейін Луис Леон бәрін мінсіз орындады. Спринтте жеңіп, ағымдағы маусымдағы алғашқы жетістігіне қол жеткізді.

«Біз бұл жарысты жалғыз көшбасшы ретінде Луис Леон Санчеспен бастадық. Өйткені ол маусымның екінші жартысын бабында бастады және жеңіс үшін күресуге бел буды. Жеті жыл бұрын Санчес осы жарыста екінші нәтиже көрсетті. Біз оның әрқашан жеңіске жетуді армандайтынын білдік. Сайыс басталар алдында Луис Леон бүгін бағын сынап көруге дайын екенін айтты. Сондықтан біз оған көмектесуге бел будық. Барлық команда жағдайды бақылауда ұстауға тырысып, жарыс басталған сәттен бастап өте жақсы жұмыс жасады. Нәтижесінде, соңғы асуда біз шабуылға жақсы мүмкіндік бар екенін түсіндік. Ал Луис Леон Санчес пен Оскар Родригес көшбасшылар тобына қосылып үлгерді. Бұл біз үшін маусымның екінші жартысындағы жақсы бастама болды. Бірінші жартыжылдықта бізде көптеген мүмкіндіктер болды. Бірақ кейбір сәттерде жолымыз болмады. Сондықтан алдағы бірнеше аптада тағы да мүмкіндіктерімізді жүзеге асыра аламыз деп үміттенемін», – деді Джузеппе Мартинелли.

Бүгінгі Луис Леона Санчестің жеңісі Astana – Premier Tech командасының 2021-жылдағы оныншы жеңісі болды.

Вильяфранка-де-Ордисия классикасы, 165.7 шақырым.

Үздік үштік: 1. Луис Леон Санчес (Astana – Premier Tech); 2. Хуан Аюсо (UAE-Team Emirates); 3. Рожер Адриа (Equipo Kern Pharma)… 6. Оскар Родригес (Astana – Premier Tech).

Photo credit: @Photo Gomez Sport